Алматылық сәулетшілер Ақтау қаласының дамуына арналған жобалар әзірлейді
OTPANNEWS.KZ. - Ақтау қаласының әкімі Мақсат Мұқаштың арнайы шақыртуымен Алматы қаласынан бір топ ландшафт сәулетшісі келді. Мамандар алдағы күндері қала аумағындағы қоғамдық кеңістіктерді, атап айтқанда, саябақтар, аллеялар мен скверлерді зерттеп, олардың сәулеттік келбетін жақсартуға бағытталған жобалар әзірлейді. Бұл туралы Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Шаһар басшысы мамандарға қала көшелерін таныстырып, олардың көмегімен тұрғындардың серуендеуіне қолайлы қоғамдық кеңістіктер құру, теңіз жағалауынан бөлек орталық көшелердің де сәулеттік және эстетикалық келбетін жақсарту қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ кеңес дәуірінде салынған аллеялар мен скверлерді біртұтас сәулеттік тұжырымдама негізінде жаңғырту жөнінде ұсыныс білдірді.
Өз кезегінде алматылық ландшафт сәулетші Баян Кәдірбекқызы Ақтаудың қазіргі сәулеттік келбетіне оң баға беріп, қаланың жаңа даму кезеңіне серпін беретін жобаларды жүзеге асыруға атсалысатынын жеткізді.
– Ақтаудағы орталық көшелердің сәулеттік пішіні өте әдемі. Бұл аумақтарда ландшафттық дизайн бағытында жұмыс жүргізіп, оларды әлемдік деңгейдегі тартымды қоғамдық кеңістіктерге айналдыруға мүмкіндік бар. Сонымен қатар қаланың климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, көгалдандыру жұмыстарына да үлес қосамыз, – деді ландшафт сәулетшісі Баян Кәдірбекқызы.