KazRoadLab: Жол сапасын бақылау цифрлық форматқа көшті
OTPANNEWS.KZ. - Жол активтері сапасының ұлттық орталығында жол-құрылыс материалдарының сапасын бақылау және зертханалық сынақтардың ашықтығын арттыру мақсатында KazRoadLab ақпараттық жүйесі қолданылады.
Жүйе сынама алу сәтінен бастап зертханалық зерттеу нәтижелерін рәсімдеуге дейінгі процестерді цифрлық форматта жүргізуге мүмкіндік береді. Жол инженерлері планшет арқылы материал туралы мәліметтерді енгізіп, сынама алынған орынды белгілейді және фотосуреттерді тіркейді. Әрбір сынамаға жеке QR-код беріледі.
KazRoadLab зертханалық зерттеулердегі адами факторды азайтуға да бағытталған. Зертхана қызметкерлері сынаманың қай нысаннан алынғанын және мердігердің кім екенін көрмейді. Ал сынақ жабдықтарынан алынған көрсеткіштер жүйеге енгізіліп, есептеулер автоматты түрде жүргізіледі. Өлшеу барысы камералар арқылы тіркеледі.
Алматы қалалық филиалының инженері Ерқанат Кенжеғалидың айтуынша, цифрлық жүйе жұмыс барысының ашықтығын арттырып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға және тараптар арасындағы ақпарат алмасуды жеделдетуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, тапсырыс берушілер мен мердігерлер өз нысандарына қатысты сынақ нәтижелерімен және анықталған ескертулермен таныса алады. Бұл жұмыстардың орындалуын бақылауды жеңілдетіп, қажетті ақпаратқа қолжетімділікті арттырады.
KazRoadLab ақпараттық жүйесі «Жол активтері сапасының ұлттық орталығында» 2019 жылдан бері қолданылып келеді. 2024 жылы оның жұмысын жеделдету және функционалдық мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында жаңа технологиялық платформаға көшірілді. Цифрландыру зертханалық бақылаудың дәлдігі мен ашықтығын арттырып, жол-құрылыс материалдарының сапасын бағалау процестерін жетілдіруге ықпал етеді.