Otpan News Logo

Ақтауда ұлттық қолөнер мен заманауи сәнді ұштастыратын кластер ашылды

Ақтауда ұлттық қолөнер мен заманауи сәнді ұштастыратын кластер ашылды

OTPANNEWS.KZ – Ақтау технологиялық қызмет көрсету колледжінде тігін өндірісі мен киімді модельдеу саласына арналған өңірлік білім беру-өндірістік кластері іске қосылды. «Fashion Skills Hub: Дәстүрді жалға, сәнді жаса!» көрмелік-практикалық алаңында 112 бала қолөнер бағытындағы шеберліктерін көрсетті.


Жобаның негізгі мақсаты – балабақша, мектеп, колледж, жоғары оқу орны және өндіріс арасындағы байланысты нығайтып, жастарды ерте жастан кәсіпке баулу.


Кластер жұмысы үш бағытты қамтиды. BabySkills алаңында балабақша тәрбиеленушілері алғашқы қолөнер дағдыларын көрсетсе, DalaSkills және Abilympics бағыттарында мектеп оқушылары мен колледж студенттері өз шеберліктерін таныстырды. Жобаға 24 балабақша тәрбиеленушісі, 40 мектеп оқушысы және 48 колледж студенті қатысты. Олардың қатарында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар мен жастар да бар.


Қатысушылар құрақ құрау, киіз басу, сән технологиясы, бау тоқу, бисерден бұйым жасау, ұлттық нақыштағы әшекейлер дайындау және ұлттық киімдерді цифрлық ортада модельдеу бойынша жұмыстарын ұсынды. Көрме барысында қатысушылар өз қолдарымен жасаған бұйымдарын таныстырып, олардың жасалу жолы мен идеясын түсіндірді. Сонымен қатар туындыларын келушілерге ұсынып, сатып алушылармен қарым-қатынас жасауда тәжірибе жинақтады. 


Іс-шараның тағы бір маңызды бағыты – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың шығармашылық қабілетін дамыту және олардың қоғамға белсенді араласуына жағдай жасау.


Ақтау технологиялық қызмет көрсету колледжі басшысының оқу ісі жөніндегі орынбасары Алмагүл Каримованың айтуынша, жоба білім алушылардың кәсіби дағдыларын ерте жастан қалыптастыруға және оқу орындары арасындағы сабақтастықты дамытуға бағытталған.


«Біздің мақсатымыз – кәсіптік білім беруді мектеп кезінен бастау. Бұл бағытта мектеп, колледж, жоғары оқу орны және жұмыс берушілер бірлесіп жұмыс істейді. Көрмеге мектеп оқушыларынан бастап колледж студенттеріне дейін қатысып, өзара тәжірибе алмасып жатыр. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар да өз қолдарымен бұйымдар жасап, тапсырыс қабылдауда. Біз әр баланың қабілетін ашып, алған білімін тәжірибеде қолдануына мүмкіндік бергіміз келеді», – деді ол. 


Форум аясында пленарлық отырыстар өткізіліп, кіріктірілген білім беру жүйесін дамыту, кәсіптік бағдар беру және оқу бағдарламаларын еңбек нарығының сұранысына бейімдеу мәселелері талқыланды. Оған Беларусь пен Өзбекстаннан келген өкілдер және еліміздің жеті өңірінен колледж басшылары қатысып, тәжірибе алмасты.

44
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!