Ақтауда тарихшы, өлкетанушы Нұрлан Құлбаевпен кездесу өтті
АҚТАУ. OTPANNEWS.KZ – Тарих ғылымдарының магистрі, өлкетанушы, Нұрлан Құлбаевтың 45 жасқа толуына орай ғылыми-ізденіс жұмыстарына арналған кездесу кеші өтті. Жиында ғалымның Маңғыстаудың тарихи-мәдени мұрасын зерттеуге қосқан үлесі сөз болып, өңірдегі көне жазуларды зерделеу және оны кейінгі ұрпаққа жеткізу мәселелері талқыланды.
Нұрлан Құлбаевтың жетекшілігімен Маңғыстау, Үстірт және Қазақстанның батыс өңірлеріндегі тарихи-мәдени мұра нысандарын зерттеуге арналған экспедициялар ұйымдастырылды. Сондай-ақ ол өңір ескерткіштерін құжаттандыруға, көне қорымдар мен құлпытастардағы жазуларды зерделеуге және тарихи деректерді жүйелеуге елеулі үлес қосқан
«Нұрлан Құлбаев – «Маңғыстау облысының тарихи-мәдени мұраларының жинағы» кітабын құрастырушылардың бірі, «Сейсем-ата қорымының араб жазуындағы эпиграфикасы» кітабының тең авторы. 2015 жылы араб графикасындағы мәтіндерге арналған анықтамалығын жарыққа шығарды. Ал 2018 жылы Сақып Керелбаевпен бірлесіп, өңірдің тарихи-мәдени ескерткіштері мен киелі нысандары туралы «360 әулиелі Маңғыстау» еңбегін жариялады. 2025 жылдан бері Маңғыстау облыстық мемлекеттік архивінің директоры қызметін атқарып келеді»,- деді өлкетанушы Сұлтанбек Құдайберген.
Өңірімізге белгілі өлкетанушы Алқажан Еділхан кездесу кешіне арнайы құттықтау бейнежазбасын жолдады. Ол әріптесінің көне жазуларды ғылыми тұрғыда зерттеудегі еңбегін атап өтті. Оның айтуынша, маманның өңірге келуімен тарихи ескерткіштердегі жазуларды анықтау және зерделеу жұмыстары жүйелі түрде дами бастаған.
Жиында алдағы уақытта көне жазуларды цифрландыруға да назар аудару қажеттігі туралы айтылды. Тарихшылардың айтуынша, ескерткіштерге QR-код орналастырып, ондағы мәтіндерді заманауи технологиялар арқылы көпшілікке түсінікті тілде ұсыну тарихи мұраны насихаттауға мүмкіндік береді.
Кездесуде сөз алған Мұрат Қалменов Маңғыстау тарихын халықаралық деңгейде таныту үшін ғылыми зерттеулерді күшейту қажеттігін айтты. Ол өңірдің тарихи-археологиялық мұрасын зерттейтін мамандардың өзара байланысын арттырып, ғылыми мақалаларды халықаралық басылымдарда жариялаудың маңызын атап өтті. Сонымен қатар жоғары оқу орындарында көне жазуларды оқуға үйрететін курстар ұйымдастыруды ұсынды.
Ал өлкетанушы Отыншы Көшбайұлы Нұрлан Құлбаевпен бірнеше жылдан бері бірге экспедицияларға қатысқанын айтып, оның құлпытастардағы жазуларды оқып, тарихи мағынасын түсіндірудегі қабілетіне тоқталды.
«Құлпытас – тек құлпытас емес, бұл – өлкенің өткен шежіресі, кейінгі ұрпақтарға қалдырған аманат. Сондықтан ондағы жазуларды оқуды кейінгі буынға үйрететін әліпби немесе әдістемелік оқу құралын әзірлеу өте маңызды», – деді Отыншы Көшбайұлы.
Оның пікірінше, көне жазуларды зерттеу ісін жалғастырып қана қоймай, осы бағытта шәкірт тәрбиелеуге де көңіл бөлу керек. Сондай-ақ мұндай күрделі ғылыми жұмысты жүйелі жүргізу үшін мемлекет тарапынан қолдау қажет.
Айта кетейік, Нұрлан Құлбаев – «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің және «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Ол республикалық, облыстық және аудандық басылымдарда 100-ден астам ғылыми-танымдық мақаласы жарық көрген. Ол туған өлкенің тарихын зерттеп, тарихи деректерді жинақтау және мәдени мұраны келер ұрпаққа жеткізу бағытындағы жұмыстарын жалғастырып келеді.