Ақтауда «Caspian Automation» білім беру-өндірістік кластері ашылды
OTPANNEWS.KZ – Нұрлыхан Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжінде «Caspian Automation» білім беру-өндірістік кластерінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жаңа бастама техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға, оқу орындары мен өндіріс орындарының байланысын нығайтуға бағытталған.
«Білім, технология және өндіріс серіктестігі» ұранымен ұйымдастырылған іс-шараға 150-ге жуық адам қатысты. Кластердің негізгі мақсаты – еңбек нарығының сұранысына сай білікті мамандар даярлау және білім алушылардың заманауи технологияларды меңгеруіне мүмкіндік жасау.
Жаңа кластер аясында робототехника, ақпараттық технологиялар, өндірістік процестерді автоматтандыру, цифрлық технологиялар және жасанды интеллект бағыттары қамтылды. Бұл білім алушылардың теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, инженерлік ойлау қабілетін дамытуға ықпал етеді.
Іс-шараның алғашқы бөлімінде қатысушыларға «Caspian Automation: білім, технология және өндіріс» тақырыбындағы көрме алаңдары таныстырылды. BabySkills және JuniorSkills бағыттары бойынша ұйымдастырылған алаңдарда робототехника, IT, автоматтандыру және цифрлық технологиялар бойынша практикалық көрсетілімдер ұсынылды.
Сондай-ақ «Білім, технология және өндіріс серіктестігі» тақырыбында пленарлық отырыс өтті. Жиында білім беру жүйесі мен өндіріс орындары арасындағы ынтымақтастықты дамыту, өңірге қажетті мамандарды даярлау және жұмыс берушілердің талаптарына сай кәсіби құзыреттерді қалыптастыру мәселелері талқыланды. Салтанатты рәсім аясында кластердің жұмыс бағыттары айқындалып, серіктестер арасындағы өзара іс-қимыл тетіктері таныстырылды. Сондай-ақ «Talap» коммерциялық емес акционерлік қоғамы тарапынан кластер сертификатын табыстау және қатысушыларды марапаттау рәсімі өтті.