Әдебиеттанушы Әділет Қабылов: Республика күні – егемендігіміздің бастауы
АҚТАУ. OTPANNEWS.KZ – 1990 жылы 25 қазанда қабылданған Егемендік туралы декларация еліміздің тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуына жол ашты. Кейін тарихи маңызына сай қайта жаңғырған Республика күні ұлттық мереке мәртебесіне ие болды. Бұл датаның мәні неде? Республика күні мен Тәуелсіздік күнінің тарихи сабақтастығын қалай түсінген жөн? Мерекенің мазмұнын жас ұрпаққа қалай жеткіземіз? Осы және өзге де сауалдарға Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің профессоры, әдебиеттанушы, филология ғылымдарының доценті Әділет Қабылов Дыбысұлы жауап берді.
– 2022 жылы Республика күні қайта жаңғырып, ұлттық мереке мәртебесіне ие болды. Бұл шешімнің саяси және тарихи маңызы қандай?
– Республика күнінің қайта жаңғыруы – тарихи сабақтастықты қалпына келтірудің көрінісі. Біз 16 желтоқсанда Тәуелсіздік күнін атап өтеміз. Алайда бұл дата 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасымен де байланысты. Сондықтан желтоқсандағы мерекелік көңіл күй мен тарихи оқиғаларды еске алу кезеңі қатар келетін жағдай бар.
Ал Республика күні еліміздің егемендікке қадам басқанын білдіретін ерекше дата ретінде айқындалып отыр. Бұл – мемлекеттілігіміздің қалыптасу жолындағы маңызды белес.
Мерекенің ұлттық мәртебеге ие болуы оның тарихи салмағын арттырып, қоғамның назарын егемендік туралы декларацияның маңызына қайта аударды. Халықтың осы күнді ерекше құрметтеп, оның мәнін терең түсінуі өте маңызды.
– Республика күні мен Тәуелсіздік күнінің айырмашылығы неде? Қоғам бұл екі датаның маңызын қалай түсінуі керек?
– Бұл екі мереке бір-біріне қарама-қайшы емес, керісінше, бірін-бірі толықтырып тұрады. Республика күні – Қазақстанның мемлекеттік егемендікке қадам басқан күні. Ал Тәуелсіздік күні – сол тарихи үдерістің заңды жалғасы, еліміздің дербес мемлекет екенін жариялап, тәуелсіздігін бекіткен күн.
Сондықтан бұл екі датаның бірін жоғары қойып, екіншісінің маңызын төмендетудің қажеті жоқ. Екеуінің де өзіндік тарихи орны бар.
Біз 25 қазанда егемендікке бастау болған тарихи шешімді еске алсақ, 16 желтоқсанда тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасқанымызды атап өтеміз. Екі мерекенің де түпкі мәні – елдігімізді бағалау, азаттығымызды қадірлеу және мемлекеттілігімізді нығайту.
– Республика күні біраз уақыт бойы кең көлемде аталып өтпегендіктен, жастар арасында оның тарихын толық білмейтіндер болуы мүмкін. Жас ұрпаққа мерекенің тарихи және саяси маңызын қалай түсіндіруге болады?
– Бұл өте маңызды мәселе. Жас буын ұзақ уақыт бойы 16 желтоқсанды Тәуелсіздік күні ретінде танып өсті. Ал Республика күні кейінгі жылдары ғана қайтадан кең көлемде аталып жүр. Сондықтан оның тарихи орнын жастарға жүйелі түрде түсіндіру қажет.
Қазір мектептерде, жоғары оқу орындарында және басқа да білім беру ұйымдарында осы мерекеге арналған түрлі іс-шаралар өткізіледі. Мұндай жұмыстарды жалғастырып, олардың мазмұнын байыту керек.
Ең бастысы, жастарға Республика күнінің жай ғана мереке емес, еліміздің егемендікке жету жолындағы шешуші кезеңді білдіретінін ұғындыруымыз қажет. Тарихи деректерді құр баяндап қана қоймай, оның бүгінгі Қазақстанның қалыптасуына қалай ықпал еткенін де түсіндіру маңызды.
– Республика күні ресми демалыс күні ғана немесе концерттермен шектеліп қалмауы үшін мерекені атап өтудің форматы қандай болған жөн?
– Тәуелсіздіктің мәні мен маңызын тек мереке күнінде ғана еске алуға болмайды. Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық тәрбие – үнемі жүргізілуі тиіс жұмыс.
Республика күніне орай концерттермен қатар қайырымдылық шараларын, патриоттық әндер байқауын, эссе конкурстарын және басқа да мазмұнды іс-шараларды ұйымдастыруға болады. Сонымен бірге қазіргі заманның мүмкіндіктерін пайдаланып, жастарға арналған қысқа әрі мағыналы бейнематериалдар әзірлеу маңызды.
Мұндай контенттерде еліміздің өткен тарихы, бүгінгі жетістіктері және болашақ даму бағыттары көрініс табуы керек. Әр азаматтың ел дамуына қосатын үлесі мен жауапкершілігі де назардан тыс қалмауы тиіс.
Мереке халық үшін тек демалып, концерт тамашалайтын күн болып қалмауы қажет. Ол мемлекеттік рәміздерді құрметтеу, заңды сақтау және азаматтық жауапкершілікті сезіну сияқты құндылықтарды нығайтатын күнге айналуы керек.
– Болашақ Қазақстан үшін Республика күні қандай құндылықтардың символы болуы тиіс?
– Республика күні – еліміздің өткеніне баға беріп, бүгінгі даму бағытын саралайтын және болашаққа бағдар жасайтын мереке. Осыдан 35 жыл бұрын егемендікке қадам басқан Қазақстанның бүгінгі жетістіктерін бағалап, тәуелсіздігімізді одан әрі нығайту жолдарын ойластыруымыз қажет.
Соңғы жылдары еліміздің ішкі және сыртқы саясатында түрлі өзгерістер жүзеге асып келеді. «Заң мен тәртіп», «Адал азамат», «Оқитын ұлт» сияқты бастамалар қоғамның мәдениетін көтеруге, азаматтардың жауапкершілігін арттыруға және елдің дамуына бағытталған.
Экономика, саясат және идеология бір-бірінен бөлек дамымауы керек. Олардың барлығы қатар өркендегенде ғана мемлекет тұрақты дамиды. Қоғамда тәртіп пен жауапкершілік болмаса, алға жылжу да қиын. Сондықтан әр азамат заңды құрметтеп, өз міндетіне адал қарап, ел болашағына бейжай қарамауы керек.
Мәдениеті жоғары, білімге ұмтылған, жауапкершілігі қалыптасқан қоғам ғана жарқын болашаққа қадам басады. Бұл құндылықтардың барлығы егемендігімізді нығайтып, тәуелсіздігімізді баянды етуге қызмет етеді.
Менің ойымша, Республика күні тарихи жадымызды жаңғыртатын, ұлттық бірлікті нығайтатын, жаңару мен өркендеуге бастайтын мереке болуы тиіс. Бұл күн еліміздің даму бағытына деген сенімді арттырып, әр қазақстандықтың ортақ болашағымызға жауапкершілікпен қарауына ықпал етуі қажет.
Осы орайда барша қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтаймын! Еліміз аман, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!
– Сұхбатыңызға рақмет!