Otpan News Logo

Маңғыстауда жылыту маусымына байланысты профилактикалық жұмыстар жүргізілді

|
21.10.2026 14:30
Маңғыстауда жылыту маусымына байланысты профилактикалық жұмыстар жүргізілді

OTPANNEWS.KZ. - Маңғыстау облысында жылыту маусымындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында құтқарушылардың қатысуымен саптық жиын өтіп, тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.


Жиынға Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ратбек Демеуберген қатысып, құтқарушыларға жылыту маусымында өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау және тұрғындар арасында профилактикалық жұмыстарды күшейту жөнінде тапсырмалар берілді. Одан кейін құтқарушылар Атамекен елді мекеніне барып, тұрғын үйлердің жылыту қазандықтарын қарап, өрт қауіпсіздігі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

- Жылыту маусымына дайындық жұмыстары қыркүйек айынан басталды. Қазіргі уақытта тұрғын үйлерді аралап, газ құралдарын дұрыс пайдалану, жылыту пештері мен қазандықтардың қауіпсіздігі және өрттің алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Біздің басты мақсатымыз – халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың алдын алу, - деді Рәтбек Демеуберген.

Оның айтуынша, профилактикалық шараларға полиция қызметкерлері, волонтерлер және басқа да мамандар тартылған. Тұрғын үйлерді аралау кезінде тексеруден гөрі қауіпсіздік талаптарын түсіндіруге басымдық беріледі. Мамандар жылыту құрылғыларында ақау болған жағдайда оларды дұрыс пайдалану және жөндеу жолдарын түсіндіреді.


Сонымен қатар, аудандық және ауылдық әкімдіктердің қолдауымен тұрғындарға газ қауіпсіздігі жөнінде ақпарат беріліп, улы газды анықтайтын құрылғылар орнатылып жатыр. Қазіргі таңда осы жұмыс тізіміне енгізілген отбасылардың 60–70 пайызы қамтылған. Алдағы уақытта қалған тұрғындарды да қамту жоспарланып отыр.


Жылыту маусымы аяқталғанға дейін профилактикалық және түсіндіру жұмыстары жалғасады. Мамандар тұрғындарды жылыту құрылғыларын дұрыс пайдалануға, өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға және улы газдан сақтану шараларына жауапкершілікпен қарауға шақырады.

32
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!