Ақтауда мектеп маңындағы құрылыс тұрғындарды алаңдатып отыр
OTPANNEWS.KZ. – Ақтаудың 5-шағынауданында №4 және №9 үйлердің арасындағы жолдың жабылып, құрылыс алаңын қоршауға арналған металл тіректер орнатыла бастауы тұрғындардың наразылығын тудырды. Олардың айтуынша, жұмыс басталғалы жаяу жүргіншілер жолы тарылып, көлік қоятын орындар азайған. Сонымен қатар шағынаудан ішіндегі көлік жүретін жолдардың бірі жабылған.
Тұрғындардың сөзінше, бірнеше күн бұрын жұмысшылар қоршауға арналған металл құрылымдарды орната бастаған. Олар құрылыс басталатыны туралы алдын ала ескерту болмағанын айтады.
Қала әкімдігінің мәліметінше, Ақтаудың 4 және 5-шағынаудандарында жылу желілері жаңғыртылып жатыр. Қолданыстағы екі құбырлы жүйе төрт құбырлы жүйеге ауыстырылмақ. Осыған байланысты орталық жылу пункттерін орнату жоспарланған.
«Жаңа жүйенің ерекшеліктеріне байланысты орталық жылу пункттерін орнату көзделген. Орталық жылу пункттері жылуды реттеп, оны үйлерге таратады. Сондай-ақ тұрғындарға жылу мен ыстық судың тұрақты берілуін қамтамасыз етеді», – деп хабарлады қала әкімдігі.
Алайда тұрғындар нысанның дәл осы жерге салынуына қарсы. Олардың пікірінше, құрылыс аяқталғаннан кейін аумақ одан әрі тарылып, жаяу жүргіншілер мен көліктердің қозғалысы қиындай түсуі мүмкін. Әсіресе, жақын маңда мектеп пен балабақша орналасқандықтан, таңертең, түсте және кешкі уақытта көлік қозғалысы қарқынды болады.
«Маңайда мектеп пен балабақша бар. Таңертең, түсте, кешке мұнда қаншама көлік өтеді! Құрылыс басталмай тұрып-ақ бұл жерден өту қорқынышты еді. Енді көлік кептелісі болып, жағдай тіпті қиындай ма деп алаңдаймыз. №4 үйдің тұрғындары көлігін енді қайда қояды? Ал балалар бұл тар жолмен мектепке қалай барады?» – дейді тұрғындар.
Тұрғындар жылу пунктін салуға неге осы аумақ таңдалғанын түсіндіруді сұрап отыр. Олар құрылыс жоспары кезінде өз мүдделері ескерілмегеніне наразы.