Otpan News Logo

Руслан Төлегенов: Өрт сөндіруші болу қырағылық пен батылдықты талап етеді

|
21.10.2026 15:00
Руслан Төлегенов: Өрт сөндіруші болу қырағылық пен батылдықты талап етеді

АҚТАУ. OTPANNEWS.KZ – №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Руслан Төлегеновтің тілсіз жаумен күресіп жүргеніне биыл жеті жыл. Бүгінде тұрғындардың қауіпсіздігі үшін қызмет етіп келеді. Құтқарушы жауапты мамандықтың қыр-сырымен бөлісіп, әріптестеріне қойылатын басты талаптарды атады.


«Бізге әртүрлі шақырту түседі. Пәтерлер мен автокөліктер өртенуі мүмкін, жол-көлік оқиғалары болады. Кейде үйде жалғыз қалған кішкентай балаларға көмектесу үшін де барамыз. Сондықтан қандай жағдай болмасын, оған дайын болуымыз керек», – дейді Руслан Төлегенов.


Құтқарушының сөзінше, бұл салада жауапкершілік пен кәсіби дайындықтың маңызы зор. Өрт сөндірушілер күн сайын арнайы нормативтер тапсырып, физикалық және кәсіби машықтарын жетілдіреді. Мұның бәрі шақырту түскен сәтте шұғыл әрекет етіп, адамдарға дер кезінде көмек көрсету үшін қажет.


Өрт сөндірушілердің жұмысы мереке күндері де тоқтамайды. Олар Жаңа жыл, Наурыз және басқа да атаулы күндерде тәулік бойы кезекшілік атқарып, кез келген шақыртуға шығуға дайын тұрады.


«Біз тәулік бойы жұмыс істеп, кезекшілік атқарамыз. Мереке болсын, отбасылық іс-шаралар болсын, қызметке дайын жүреміз. Себебі төтенше жағдай уақыт таңдамайды. Шақырту түскен кезде тұрғындарға көмек көрсету – біздің міндетіміз», – дейді бөлімше командирі.


Өрт сөндірушінің айтуынша, жас мамандар өз ісіне адал болып, қызметтік тәртіпті сақтап, қиындыққа төзе білу керек.


«Жас мамандарға айтарым – ең алдымен жауапкершілікті сезініп, жұмысқа кешікпей, тәртіп сақтауы керек. Ең бастысы, бұл мамандықты шын жүрекпен қалап келу қажет. Өйткені біздің жұмысымызда әр секундтың маңызы бар», – деп атап өтті Руслан Төлегенов.


Адам өмірін құтқаруды басты мақсат еткен өрт сөндірушілердің еңбегі қашанда құрметке лайық. Олардың кәсібилігі, батылдығы мен қырағылығы талай жанның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.

36
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!