Ақтау тұрғыны бала күтушісіне пәтер сыйлады
АҚТАУ. OTPANNEWS.KZ. - Ақтауда бала күтушісіне пәтер сыйлаған тұрғынның әрекеті әлеуметтік желі қолданушыларының сүйіспеншілігін тудырды. Өзгенің баласын өз баласындай бағып, мейірімін төккен жанға көрсетілген бұл құрмет көпшіліктің көңілін толқытты.
Оқиға туралы бейнежазба әлеуметтік желіде жарияланды. Жазбада бала күтушісіне баспана сыйлаған сәт көрсетілген. Өмірін бала тәрбиесіне арнап, отбасының сенімді көмекшісіне айналған жанға мұндай сый жасау көпшілікке ерекше әсер қалдырды.
«Бүгін осындай әдемі көріністің куәсі болдық! Бала күтушіге баспана сыйлады. Өз баласындай бағып, мейірімін төккен жанға алғыс ретінде пәтер сыйлау – нағыз адамгершілік пен құрметтің белгісі. Осындай жүрекке жылу сыйлайтын сәттер көп болсын!» - деп жазды құрылыс компаниясы әлеуметтік желідегі парақшасында.
Күтпеген сыйлыққа ерекше толқыған бала күтушісі көз жасына ерік беріп, қуанышын жасыра алмады. Оның шынайы эмоциясы бейнежазбаны көрген желі қолданушыларына да әсер етті. Желі қолданушылары игі іске оң бағасын беріп, бала күтушісінің еңбегін бағалаған азаматтың әрекетіне тәнті болғандарын жазды.
«Соған лайық адам екен. Еңбегін бағалаған екен. Бала бағу оңай емес», «Екінің бірі мұндай сыйлық жасай алмайды. Жүрегі кең азамат екен», «Қатты қуанып тұрмын», «Ақшасын текке шашпай, халыққа берген екен» деген мазмұндағы пікірлер жазып қалдырды.