Соңғы бір жылда «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының аумағы екі есеге ұлғайды

Каспий аймағындағы ең ірі инвестициялық хаб – «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында баспасөз туры өтті. Республикалық және жергілікті БАҚ өкілдері экономикалық аймақта жүзеге асып жатқан инвестициялық жобалармен танысып, өнім өндірушілермен және жұмысшылармен жүздесті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Биыл 6 айда «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағына 10 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. «Ақтау теңіз порты» АЭА басшыларының баяндауынша, Президенттің былтырғы жолдауындағы экспортты дамыту және отандық тауар өндірушілерді қолдау жөніндегі тапсырмалары сәтті орындалып жатыр. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша «Ақтау теңіз порты» АЭА аумағына тартылған инвестициялар көлемі 10,2 млрд теңгеге жетті. Ал өндірілген өнім мен көрсетілген қызмет 34,5 млрд теңге, мемлекетке түскен салық көлемі 3,2 млрд теңге, экспорт көлемі 72 млн теңгені құрады. Екі жарым мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысына сапарында арнайы экономикалық аймақтың әлеуетін дамытуға ерекше назар аударуды, әсіресе өңдеу саласындағы жобаларды жүзеге асыруға басымдық беруді тапсырған болатын. Осы бағытта Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың бастамасымен отандық және шетелдік инвесторларды тарту, жаңа өндірістер құрып, жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр, - деді «Ақтау теңіз порты» АЭА» АҚ басқармасының төрағасы Мүбәрак Төлегенов.
Тек осы жылдың 7 айында арнайы экономикалық аймақта жаңа 8 инвестициялық жоба жүзеге асты. Олардың жалпы инвестиция көлемі - 53,9 млрд теңгені, ал жаңа жұмыс орны - 878 орынды құрады. Атап айтқанда, аймақта металл сынықтарын қайта балқыту зауыты, полипропилен бұйымдары өндірісі, полиэтилен үлдірін шығару, су тазартқыш сүзгілер зауыты, ірі құбыр зауыты, Ақтау әуежайындағы ұшу-қону жолағын және перронды қайта жаңғырту жобасы бар.
«Ақтау теңіз порты» АЭА аумағы жағынан да өсіп келеді, 2024–2025 жылдары экономикалық аймақтың аумағы екі жарым есе, яғни 1926 гектардан 4407 гектарға дейін ұлғайды. Оның құрамына Ақтау халықаралық әуежайы, Ақтау қаласының жағалау бөлігі, Жаңаөзеннің өндірістік аймағы және Саржа теңіз терминалы кірді.
- Қазіргі таңда Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында жаңа инвестициялық жобаларды, Каспий ERSAI кеме жөндеу зауытын, Кендірлі курорттық аймағын іске асыру мақсатында жер телімдерін АЭА құрамына енгізу жұмыстары басталды. Бұл учаскелер қосылған жағдайда, АЭА аумағы шамамен 27 мың гектарға дейін ұлғаяды. Бұл өз кезегінде жаңа инвестициялар тартып, жаңа салаларды дамытуға мол мүмкіндік береді, – деді Мүбарак Төлегенов.
Сонымен қатар, басым қызмет түрлерінің тізімі де кеңейтілді. Бұрынғы 24 бағыттың орнына енді 45 бағыт бойынша жұмыс істейміз. Олардың қатарында құрылыс, абаттандыру, туризм, шипажайлық қызметтер, тоқыма өнімдері өндірісі, су тазарту, теңіз және әуе кемелерін жөндеу, көлік және басқа да өндіріс түрлері бар.
- Бұл – жаңа өндіріс ашқысы келетін және аймақ экономикасына қаржы салуға ниетті инвесторлар үшін үлкен мүмкіндік. «Ақтау теңіз порты» АЭА – бұл тек Маңғыстау облысының емес, бүкіл елдің дамуына бағытталған ауқымды жоба. Алдағы уақытта біз бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастырып, өңірімізді инвестиция тартуда ең тартымды аймаққа айналдыруды көздеп отырмыз, – деп атап өтті Мүбарак Төлегенов.
2024 жылы облыс әкімдігінің бастамасымен және Үкіметтің қолдауымен АЭА жұмыс істеу мерзімі 2052 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартылды. Бұл ұзақ мерзімді жобаларды іске асыруға үлкен мүмкіндік береді.
АЭА тағы бір артықшылығы – кәсіпкерлерге бірқатар жеңілдіктерді ұсынуында. Жобаларын АЭА аумағында жүзеге асыратын инвесторлар корпоративтік табыс салығынан, мүлік және жер салығынан, импорт ҚҚС мен кедендік баж салығынан босатылады. Сонымен қатар, әкімшілік және техникалық толық қолдау қарастырылған.
Бүгінде арнайы экономикалық аймақта отандық кәсіпкерлермен қатар Италия, Түркия, Германия, Әзірбайжан, Қытай және Сингапур елдерінен келген компаниялар да табысты жобалар іске асырып жатыр.
АЭА құрылған сәттен бастап жалпы тартылған инвестициялар көлемі 347,2 млрд теңгені құрады, оның 176,9 млрд теңгесі – шетелдік инвестициялар. Өндірілген өнім көлемі – 550,9 млрд теңге, экспорт – 4 млрд теңге. Бюджетке түскен салық – 68,4 млрд теңге, ал құрылған жұмыс орындарының саны 2,5 мыңнан асты.
