Жарнама бөлімі: 
+7 778 145 90 93
Редакция: 
+7 (7292) 20 48 34

Ақтауда 44 шақырым жылу желісі жаңартылады

Нұргүл Алясова
|
26.08.2025 22:32
Ақтауда 44 шақырым жылу желісі жаңартылады

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай жауаптылармен бірге өңірдің алдағы жылыту маусымына дайындық мәселелерін талқылады, деп хабарлайды otpannews.kz. 


Жиында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бердібек Қартбаев өңірдегі қысқы маусымға дайындық жұмыстары туралы баяндап, жұмыстың мерзімінен бұрын аяқталу сатысында екенін жеткізді. 


– Ақтау қаласында жалпы ұзындығы 566 шақырымды құрайтын жылу желілерінің тозу деңгейі бүгінде 79%-ға жеткен. Оның ұзындығы 47,7 шақырым болса, соның 44 шақырымы кезең-кезеңімен жаңартылып жатыр. 2024 жылы 11,5 шақырым желі жаңартылды, биыл тағы 10 шақырымы ауыстырылып жатыр. Қазіргі таңда жұмыс 90%-ға орындалып, мерзімінен бұрын қыркүйек айында толық аяқталады деп жоспарланып отыр, - деді Бердібек Қартбаев.


Сонымен қатар Ақтаудың 3А, 3Б шағынаудандарында және аурухана қалашығында жалпы ұзындығы 10,2 шақырымды құрайтын ішкі жылу желілерін қайта жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта жұмыстардың 91% орындалды. Жоба аяқталғаннан кейін қаладағы жылу жүйесінің тозу деңгейі 75%-ға дейін төмендеп, тұрғындарға жылуды үздіксіз әрі сапалы жеткізу жоспарланып отыр.


Айта кетейік, Маңғыстау атом энергетикалық комбинатында 2025-2026 жылдарға жоспарланған негізгі энергетикалық жабдықтарға күрделі жөндеу жұмыстары жоспарға сай жүріп жатыр. Қазіргі таңда ЖЭС-2 энергоблогының жөндеуі толық аяқталды. ЖЭО-2 нысанындағы №13 қазандық агрегатындағы жұмыстардың орындалуы 42%, №3 турбинадағы жұмыстар 28% құраса, ЖЭО-1 станциясындағы бойлер қондырғыларында жөндеу жұмыстарының орындалу деңгейі 75-80%-ға жетті.


Кеңесте облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай жауапты басқарма басшыларына дайындық жұмыстарын сапалы аяқтап, тұрғындарды алдағы жылыту маусымында жылумен үздіксіз және сапалы қамтамасыз етуді тапсырды.

48
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!