Otpan News Logo

Жаңаөзеннен Түрікменстанға баратын жол 6 сағатқа қысқарады

|
04.11.2026 09:40
Жаңаөзеннен Түрікменстанға баратын жол 6 сағатқа қысқарады

OTPANNEWS.KZ – Маңғыстау облысында Қазақстанды Түрікменстанмен жалғайтын 50 шақырымдық автожол күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Өткен ғасырдың 90-жылдары салынған трасса содан бері жаңартылмаған. Жобаны 2027 жылдың қыркүйегіне дейін аяқтау жоспарланып отыр.



Күрделі жөндеу «Жетібай – Жаңаөзен – Түрікменстан Республикасының шекарасы» автожолының 179-229 шақырым аралығында жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың шілдесінде басталған. Жобаға 132 арнайы техника мен 200-ге жуық жұмысшы тартылған.



Қазір 50 шақырымдық учаскеде жер жұмыстары толық аяқталған. Жол негізіне қиыршықтас-құм қоспасы мен геотекстиль төселіп, төменгі қабатына ірі түйіршікті асфальтбетон салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыста пайдаланылып жатқан материалдар түгелдей Қазақстанда өндіріледі.


«Қиыршықтас та, битум да – Қазақстанда өндірілген материалдар. Қазір 47 шақырымға ірі түйіршікті асфальт төселді. Қалған 3 шақырымын қараша айының соңына дейін аяқтаймыз. Одан кейін бес сантиметрлік ұсақ түйіршікті асфальтбетон қабаты салынады. Құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі 80-85 пайызға орындалды. Жобаны 2027 жылдың қыркүйегіне дейін кестеге сай тапсырамыз», – деді «AQZHOL.QURYLYS» ЖШС жоба жетекшісі Наурызбек Нұрмағамбетов.



Жолды жаңғырту көлік қозғалысын жеңілдетіп, Қазақстанның Түрікменстан және Иран бағытындағы транзиттік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Мамандардың болжамынша, бұған дейін транзиттік жүк көліктері осы бағытты 6-8 сағатта жүріп өтсе, жөндеу аяқталғаннан кейін жол жүру уақыты 2-2,5 сағатқа дейін қысқаруы мүмкін.



Жоба аясында жүргізушілер мен жолаушыларға арналған сервистік нысандар да салынады. Атап айтқанда, аялдамалар, жарықтандыру жүйесі, санитарлық тораптар мен сервистік эстакадалар қарастырылған. Мал жиі өтетін учаскелерге арнайы қоршаулар мен мал өткелдері орнатылады.


«Президент тапсырмасына сәйкес, 2025 жылдың шілдесінен бастап жұмысты қарқынды жүргізіп келеміз. Жоба бойынша бейтарап аймақта аялдама салу, жолды жарықтандыру, сервистік эстакадалар мен әжетханалар орнату көзделген. Сондай-ақ мал жиі өтетін жерлерге арнайы қоршаулар мен мал өткелдері салынады», – деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Маңғыстау облыстық филиалының инженері Қарасай Абыханов.



Жаңғыртылған жол Кендірлі курорттық аймағының туристік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. 


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында Қазақстан тек транзиттік аумақ емес, халықаралық жүк ағындарын ұйымдастырушы елге айналуы керек екенін айтты. Сондай-ақ республикалық және жергілікті жолдардың сапасын жақсартып, автомобиль өткізу бекеттерін жаңғырту жұмыстарын 2027 жылы аяқтауды тапсырды.


Осы міндеттер аясында Түрікменстан шекарасына дейінгі жолды жаңарту Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Жаңа трасса арқылы жүк тасымалы жеңілдеп, транзиттік жүктердің еліміздің теңіз порттарына қауіпсіз әрі қолайлы бағытпен жетуіне жағдай жасалады.

10
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!