ОСС: қауіпсіздік – өндіріс мәдениетінің басты өлшемі
OTPANNEWS.KZ. – Маңғыстау мұнай-газ саласында ширек ғасырға жуық уақыт бойы еңбек етіп келе жатқан «Oil Construction Company» ЖШС өңірдің өндірістік инфрақұрылымын дамытуға, құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге және мұнай-газ саласының тұрақты жұмысына үлес қосып келеді.
Уақыт талабына сай жаңарып, қызмет аясын кеңейтіп келе жатқан кәсіпорын үшін бүгінгі басым бағыттардың бірі - өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Өйткені мұнай-газ саласында жұмыстың сапасы мен мерзімі қаншалықты маңызды болса, адам өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігі одан да жоғары тұрады.
Қауіпсіздік – күнделікті жұмыстың ажырамас бөлігі
Өндірістік нысандардағы кез келген жұмыс белгілі бір жауапкершілік пен сақтықты талап етеді. Әсіресе құрылыс-монтаж жұмыстары, биіктікте жұмыс істеу, арнайы техника мен жабдықтарды пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажет. Осыны ескерген ОСС мекемесінде еңбек қауіпсіздігі мен өндірістік бақылауды күшейтуге бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.
Кәсіпорында қауіпсіздік талаптарын орындауға арналған жылдық жоспарлар әзірленіп, қызметкерлердің кәсіби даярлығын арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. Мамандар үшін арнайы семинарлар, оқыту сабақтары мен білім деңгейін тексеруге арналған тестілеу ұйымдастырылады. Әрбір қызметкер жұмысқа кіріспес бұрын қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқамадан өтіп, белгіленген талаптармен танысуға міндетті.
Мұндағы басты мақсат - қауіпсіздік ережелерін тек міндетті рәсім ретінде емес, әр қызметкердің күнделікті еңбек дағдысына айналдыру. Себебі өндірістегі оқыс оқиғалардың алдын алу тек жауапты мамандардың бақылауына ғана емес, жұмысқа қатысатын әр адамның тәртібі мен жауапкершілігіне байланысты.
«Біздің мақсатымыз – өндірістегі тәуекелдерді азайтып, әр қызметкердің жұмыс орнынан аман-есен оралуын қамтамасыз ету. Қауіпсіздік талаптары қағаз жүзінде ғана орындалмай, әрбір жұмысшының күнделікті ұстанымына айналуы керек. Өйткені өндірістегі ең басты құндылық – адам өмірі», – дейді Дәурен Мұратбай.
Қауіпсіздікті цифрландыру арқылы күшейту
Қазіргі таңда ОСС мекемесінде өндірістік қауіпсіздікті жетілдірудің маңызды тетіктерінің бірі ретінде электронды рұқсат-наряд жүйесін енгізу жұмыстары қолға алынған. Бұл бастама еңбек қауіпсіздігі талаптарының орындалуын бақылауды күшейтіп, қауіптілігі жоғары жұмыстарды ұйымдастыру мен үйлестіру үдерісін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.
Электронды рұқсат-наряд жүйесі бұрын қағаз түрінде жүргізілген құжаттарды рәсімдеу, келісу, беру және жабу тәртібін цифрлық форматқа көшіруге мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде жауапты басшылар, өндірістік персонал және еңбек пен өнеркәсіптік қауіпсіздік мамандары арасындағы өзара байланыс жеделдейді.
Әсіресе қауіптілігі жоғары жұмыстар атқарылатын өндірістік учаскелерде бұл жүйенің маңызы зор. Электронды формат жұмыс орнының дайындығын, қажетті нұсқамалардың жүргізілуін, тиісті рұқсат құжаттарының болуын және қауіпсіздік шараларының сақталуын бақылауға жағдай жасайды.
Жүйенің тағы бір артықшылығы – әрбір рұқсат-нарядтың рәсімделуінен бастап, жұмыс аяқталғанға дейінгі барлық кезеңін бақылау мүмкіндігі. Жауапты тұлғалар құжаттардың уақытылы келісілгенін, қажетті растаулардың бар-жоғын және белгіленген рәсімдердің орындалуын қадағалай алады. Бұл құжат айналымындағы формализмді азайтып, өндірістік тәуекелдердің алдын алуға ықпал етеді.
“Цифрлық жүйе қағаз құжаттардың көлемін қысқартып, орындалған жұмыстардың электронды тарихын қалыптастырады. Жинақталған мәліметтер кейін өндірістік үдерістерді талдауға және басқарушылық шешімдер қабылдауға пайдалануға болады” дейді ТжӨҚ, ЕҚБ басшысы Ж.Құлбаев.
Басты мақсат – адам амандығы
Электронды рұқсат-наряд жүйесін енгізу – жай ғана құжат айналымын автоматтандыру емес. Бұл – өндірістік қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Мұндай тәсіл әр қызметкердің өз міндетіне жауапкершілікпен қарауына, ал басшылардың жұмыс барысын жүйелі бақылауына мүмкіндік береді.
«Oil Construction Company» ЖШС алдағы уақытта да өндірістік үдерістерді жетілдіру, заманауи цифрлық шешімдерді енгізу, қызметкерлердің кәсіби біліктілігі мен еңбек жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстарды жалғастыруды көздейді.