Otpan News Logo

Биыл елімізде 1,5 тонна бекіре мен 11 келіге жуық уылдырық тәркіленді

Биыл елімізде 1,5 тонна бекіре мен 11 келіге жуық уылдырық тәркіленді

OTPANNEWS.KZ. – Қазақстанда жыл басынан бері заңсыз айналымнан 23 тоннадан астам балық, оның ішінде 1,5 тонна бекіре тұқымдас балық және 11 келіге жуық уылдырық тәркіленді.


Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың тоғыз айында табиғатты қорғау заңнамасын бұзуға қатысты 119 қылмыстық іс сотқа жолданған. Сонымен қатар заңсыз балық аулауға арналған 29 шақырымға жуық тор, 361 киік мүйізі және 345 аңшылық қару тәркіленген. Табиғатты қорғау талаптарын бұзғаны үшін 13 200 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.


Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданындағы ауылдардың бірінде полицейлер құжатсыз бір тоннаға жуық балық тасымалдаған «Газель» көлігін тоқтатқан. Көліктің жүксалғышынан екі қайық пен олардың қозғалтқыштары табылған. Қазір балықтың қайдан ауланғаны және оны тасымалдаудың заңдылығы тексеріліп жатыр.


Ал Аққайың ауданында қорықшымен бірлескен тексеру кезінде заңсыз аң аулау дерегі анықталған. Көліктен сібір елігінің екі ұшасы мен екі аңшылық қару табылған. Бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.


Бұдан бөлек, жыл басынан бері полиция қызметкерлері заңсыз айналымнан екі мыңнан астам қару тәркілеген. Оның ішінде қылмыстық істерге қатысы бар 184 қару және Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған 160 қару бар.


Сондай-ақ 20-23 қазан аралығында өткен «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде төрт күнде 170-тен астам атыс қаруы мен әртүрлі калибрдегі 800-ден астам оқ-дәрі тәркіленген.


ІІМ заңсыз сақталған қаруды өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық жауапкершіліктен босатылатынын еске салды.

32
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!