Бейнеуде шетелдік азамат 500 литр дизель отынын Өзбекстанға заңсыз өткізбек болған
OTPANNEWS.KZ. – Бейнеу ауданында шетел азаматы Қазақстаннан Өзбекстанға 500 литр дизель отынын заңсыз алып өтпек болған. Сот оған 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салды.
Бейнеу аудандық сотының мәліметінше, оқиға 2026 жылғы 20 шілдеде «Тәжен» кеден бекетінде болған. Шекаралық бақылау кезінде шетел азаматының көлігінен зауыттық техникалық құрылымда қарастырылмаған, сыйымдылығы 500 литр қосымша жанармай багы анықталған.
Тексеру барысында жүргізушінің осы бак арқылы дизель отынын шекарадан заңсыз алып өтпек болғаны белгілі болды.
Сотта оның кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, іс материалдарымен және өз түсініктемесімен дәлелденді.
Сот шетел азаматын Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 545-бабы бойынша кінәлі деп танып, 15 АЕК көлемінде айыппұл салды. Құқық бұзушылықтың тікелей нысанасы болған тауарды тәркілеу туралы шешім қабылдады.
Сот қаулысы заңды күшіне енді.