Otpan News Logo

Ізгі қоғамның іргесі қамқорлықтан қаланады

|
05.11.2026 10:54
Ізгі қоғамның іргесі қамқорлықтан қаланады
Маңғыстау облысы "Қоғамдық коммуникация орталығы"

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған Жолдауын зор ықыласпен, үлкен əсермен тыңдадық. Еліміздің ертеңі, ел-халықтың жағдайы жақсарту үшін маңызды міндеттер айқындалған стратегиялық құжатта мемлекеттігімізді нығайтып, қоғам өмірін сапалы жаңа деңгейге көтеретін, əрбір азаматқа жаңа мүмкіндіктер беретін түйінді мəселелер жан-жақты қамтылды.


Өркениетті, бəсекеге қабілетті əрі əділетті ел болу жолында қоғам алдында тұрған негізгі бағыттар белгіленіп, Үкіметке нақты тапсырмалар берілді. Оның ішінде мемлекеттік қызметшілердің кəсібилігі мен жауапкершілігін арттыруға, мемлекеттік аппаратта жаңа этикалық нормалар мен халыққа адал қызмет ету мəдениетін қалыптастыруға ерекше мəн берілді. Халыққа жақын, ашық əрі тиімді мемлекеттік басқару жүйесін құру – елдегі оң өзгерістердің басты кепілі екендігін білеміз.


Əсіресе инклюзивті ортаға тең мүмкіндіктер беру ескерілгені қуантады. Ерекше қажеттілігі бар азаматтар мен балаларға қоғамда толыққанды жағдай жасау – басты міндет. Жолдауда инклюзивті білім беру жүйесін дамыту, маман тапшылығын жою жəне балалардың диагнозын ерте анықтау инфрақұрылымын түбегейлі жақсарту қатаң тапсырылды. Бұл – əрбір шаңыраққа қолдау көрсетіп, ешбір азаматты назардан тыс қалдырмайтын ізгі қоғамның белгісі.


Аналарды, əсіресе мүмкіндігі шектеулі, ерекше күтімді қажет ететін балалары бар отбасыларды қолдау – əрбір шаңыраққа жылулық сыйлап, болашаққа деген үлкен сенімділік береді. Инклюзивті орта қалыптастыру, арнайы инфрақұрылымды дамыту бағытындағы нақты істер – мұндай отбасылардың қоғамға белсене араласып, балалардың толыққанды дамуына жасалған ең ізгі қадам деп есептеймін.


Сонымен қатар сапалы білім беру мен жастардың дамуына басымдық берілді. Өскелең ұрпақтың заманауи талапқа сай сапалы білім алуы, орын тапшылығын жою мақсатында жаңа мектептердің салынуы жəне жастардың кəсіп ашып, заманауи мамандықтарды игеруіне кең жол ашу – ел болашағының кепілі. Білімді ұрпақ қана мемлекеттің əлемдік өркениет көшінен қалмауын қамтамасыз ете алады.


Ел Президенті халықтың денсаулығы мен əлеуметтік əл-ауқатын жақсарту – мемлекет саясатының басты өзегі, басымдықтардың алды екендігін тағы да нақтылады. Медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, алдын алу шараларын күшейту бағытындағы ауқымды жұмыстар еліміздің əр өңірінде жүйелі түрде жүзеге асырылмақ.


Мемлекет басшысының осы игі тапсырмалары мен стратегиялық бастамалары біздің өңірімізде де жалғасын табады. Өте қуанышты жаңалық – еліміз бойынша салынатын республикалық маңызы бар 8 перинаталдық орталықтың біреуі тікелей біздің Маңғыстауда бой көтереді. Бұдан бөлек, өңірімізде жаңа көпбейінді емхана салу жоспарланып отыр. Осы көпбейінді аурухана ішінен балаларға арналған арнайы бөлімшенің – аурухананың ашылуы ана мен бала денсаулығын қорғауға бағытталған ерекше қамқорлық болмақ. Көбінесе көп балалы отбасылардың балалары ем қабылдайтын бұл маңызды нысандардың келешекте өңірімізде іске қосылуы – тұрғындар үшін сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыратын үлкен қадам.


Жолдау əрбір азаматтың жүрегінен орын тауып, елдің ертеңіне деген сенімді нығайта түсті деп ойлаймын.


Алға ұмтылған өркениетті елдің жарқын болашағы үшін жасалып жатқан осындай игі істерге əрқайсымыз үлес қосып, бірлесіп еңбек етейік! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!


Пəния САРМУРЗИНА

9
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!