Әділетті қоғамның негізі – заңға деген құрмет
Конституция – мемлекет тұрақтылығы мен қоғам бірлігінің басты тірегі. Әрбір азаматтың құқығы қорғалып, заң алдында барлығы тең болуы керек деп есептеймін. Өйткені құқықтық мемлекет құрудың басты шарты – заңның үстемдігі мен оның баршаға бірдей қолданылуы.
Жаңа Конституция еліміздің одан әрі дамуына, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды құжат. Оның басты құндылығы – адам мүддесін алдыңғы орынға қоюында. Бұл ретте азаматтардың қадір-қасиетін құрметтеу, олардың заңды құқықтарын қорғау және қоғамдағы әділеттілік қағидаттарын орнықтыру айрықша маңызға ие.
Заңгер ретінде кез келген өзгерістің нәтижесі оның қағаз жүзінде бекітілуімен ғана емес, іс жүзінде орындалуымен өлшенетінін атап өткім келеді. Сондықтан жаңа Конституцияда белгіленген нормалар мен қағидаттар мемлекеттік органдардың жұмысында да, қоғам өмірінде де нақты көрініс табуы қажет. Әр азамат өз құқығын біліп, заң талаптарын сақтағанда ғана құқықтық мәдениет қалыптасады.
Заң үстемдік еткен қоғамда әр азаматтың болашаққа деген сенімі артады. Жаңа Конституция ел бірлігін нығайтып, әділетті қоғам қалыптастыруға және мемлекет пен азамат арасындағы жауапкершілікті арттыруға негіз болады деп сенемін. Ең бастысы, Ата заңда бекітілген құндылықтар күнделікті өмірде жүзеге асып, әр адамның игілігіне қызмет етуі керек.
Жанпейіс Назарғали,
заңгер, қоғам белсендісі