Otpan News Logo

Грузиядан жалған медициналық бұйымдарды әкелген күдікті қамауға алынды

|
05.11.2026 12:02
Грузиядан жалған медициналық бұйымдарды әкелген күдікті қамауға алынды

OTPANNEWS.KZ. – Еліміздің Бас прокуратурасы мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері ҚР Грузиядағы Елшілігінің қолдауымен аталған елден аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны, сондай-ақ жалған медициналық бұйымдарды ірі мөлшерде өндіргені және өткізгені үшін қылмыстық жауапқа тарту мақсатында Қазақстан азаматын экстрадициялады. 


Тергеу барысында күдіктінің мемлекеттік медициналық ұйымдардың медициналық жабдықтарды сатып алу жөніндегі тендерлерінде басымдылыққа ие болу мақсатында отандық тауар өндіруші мәртебесін заңсыз алу схемасын ұйымдастырғаны анықталып отыр.  


Оның ішінде күдікті нақты өндірісті ұйымдастырмай, медициналық техниканың Қазақстанда өндірілетіні туралы уәкілетті мемлекеттік органдарға жалған мәліметтер ұсынған. 


«Нәтижесінде шетелдік жинақтаушы бөлшектерден құрастырылған медициналық техника мемлекеттік медициналық ұйымдарға отандық өнім ретінде өткізіліп, мемлекетке 4,5 млрд теңгеден астам залал келтірілген.  Қылмыстарды жасағаннан кейін күдікті қылмыстық қудалау органдарынан жасырынып, осыған байланысты халықаралық іздеуге жарияланған.  Биыл наурыз айында ол Грузия аумағында ұсталып, Бас прокуратураның сұрау салуы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды», - деп жазылған Бас прокуратураның хабарламасында.


Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалып, оған тағылған қылмыстарды жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.


Айта кететін жайт, 2026 жыл басталғалы бері Грузиядан 7 адам экстрадицияланды. Олардың 5-і жымқыру дерегі бойынша іздеуде болған.

14
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!