Шахтинскіде жарылыстан бірнеше адам зардап шекті
Шахтинск қаласында көпқабатты тұрғын үйде газ-ауа қоспасының жарылысы болып, артынша өрт шықты. Төтенше жағдай салдарынан сегіз адам зардап шеккен. Бұл туралы Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады, деп жазады otpannews.kz.
Оқиға 23 наурызға қараған түні болған. Құтқарушылар мен өрт сөндірушілер оқиға орнына төрт минут ішінде жеткені айтылды. Жоғарғы қабаттардан баспалдақ арқылы бес адам эвакуацияланды.
Сонымен қатар, ТЖМ бөлімшелері келгенге дейін полиция қызметкерлері де тұрғындарды қауіпсіз жерге шығаруға көмектескен. Қалған тұрғындар ғимараттан өз бетінше шыққан көрінеді.
Оқиға орнында тұрғындар үшін жылыту пункті ұйымдастырылып, ТЖМ-нің вахталық автокөлігі пайдаланылды. Жарылыс салдарынан сегіз адам зардап шекті, олардың бесеуі - полиция қызметкерлері. Барлығы медициналық мекемелерге жеткізілді.
«Өрт 40 шаршы метр аумақта толықтай сөндірілді. Қазіргі уақытта оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр», - деп жазылған хабарламада.