Otpan News Logo

Маңғыстауда білім сапасын арттыру іс-шаралары жоғары нәтиже көрсетті

|
19.03.2026 14:53
Маңғыстауда білім сапасын арттыру іс-шаралары жоғары нәтиже көрсетті

Маңғыстау облысында білім сапасын арттыру бағытында ауқымды іс-шаралар атқарылды. Педагогтердің кәсіби біліктілігін көтеру жүйелі жүзеге асып, оқушылар республикалық және халықаралық деңгейде жоғары нәтиже көрсетіп жүр. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте өңірлік білім басқармасының басшысы Амантай Кумбаев мәлімдеді.


Спикердің айтуынша, ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық пәндік олимпиадалар өз тиімділігін көрсетіп отыр.


-2024 жылы ауыл мектептерінен қатысқан 68 оқушының 39-ы жүлдегер атанса, былтыр 66 оқушының 44-і жүлделі орын иеленді. Командалық есепте жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша өңір командасы 2024 жылы І орын алып, былтыр бас жүлдені жеңіп алды. Ал қоғамдық-гуманитарлық бағытта 2024 жылғы ІІ орын 2025 жылы І орынға ұласты. Сондай-ақ, 7–8 сынып оқушылары арасындағы республикалық олимпиадада Маңғыстау облысы қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша «Ең үздік олимпиадалық команда – 2025» атанды, - деді Амантай Кумбаев.


Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиада қорытындысымен Маңғыстау облысынан төрт мектеп Қазақстанның «Ең үздік 100 олимпиадалық мектебі» қатарына енді. Атап айтқанда, Ақтаудағы Н.Марабаев атындағы №7 мектеп-лицей, №23 жалпы білім беретін мектеп, Түпқараған ауданындағы Ақшұқыр мектеп-лицейі және Білім-инновация лицейі.


Сонымен қатар, спикердің айтуынша халықаралық олимпиадаларда да өңір оқушылары табысты өнер көрсеткен.


-Химия пәнінен 59-шы халықаралық Менделеев олимпиадасына қатысқан үш оқушының екеуі күміс, біреуі қола медаль жеңіп алды. Ал, Қ.Сәтбаев атындағы халықаралық олимпиадада облыс намысын қорғаған үш оқушы 1 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль иеленді, – деді басқарма басшысы.


Брифинг барысында педагогтердің жетістіктері де айтылды. Биыл облыс ұстаздары республикалық және халықаралық байқауларда жүлделі орындар иеленген. Сондай-ақ, Х.Өзбекқалиев атындағы Маңғыстау жоғары политехникалық колледжінің директоры Зарипа Шолтанова Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Құрмет» орденін алды.


Білім беру ұйымдары арасындағы «Орта білім беретін үздік ұйым» конкурсында І орынды Ақтау қаласындағы Мамандандырылған ІТ лицейі, ІІ орынды Мұнайлы ауданындағы Шоғы Мұңалұлы атындағы №5 мектеп, ІІІ орынды Жаңаөзен қаласының №5 мектеп-гимназиясы иеленді. Ал техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары арасында Халел Өзбекғалиев атындағы Маңғыстау жоғары политехникалық колледжі үздік деп танылды.


Сонымен қатар, «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында колледж студенттері де халықаралық және республикалық кәсіби шеберлік чемпионаттарында жоғары нәтиже көрсетті. Халықаралық ынтымақтастықты дамыту мақсатында өңірде бес ірі іс-шара ұйымдастырылды. Ал «ҚР-ның 100 топ студенті» байқауына қатысқан 10 студенттің 5-еуі жеңімпаз атанып, елдің 100 үздік студентінің қатарына енді.

354
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!