Романтикалық мотивация: Ауруды жеңген ғашықтар отау құрды
Райымбек Дауылбаев қатерлі ісікке шалдыққан. Алайда студент шағында бастаған бұл ауру сүйіктісін кезіктіріп, өмірлік жарын табуға сеп болды, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Атыраулық жігіт бүгінде аурудан толық айыққан. Келіншегінің айтуынша, екеуі бір-біріне серт берген. Уәде бойынша жігіт ауруды жеңсе – ғашықтар отбасын құруға келіскен.
— Күйеуім ракпен ауырып жүрген кезде таныстық. Ол Сеулде емделіп жатқанын, жалғызсырап жүргенін айтты. Мен бірден оған барамын деп шештім. Бардым. Сөйтіп, бір-бірімізді қатты жақсы көріп қалдық. Кейін оған мотивация болсын деп: «Егер сен жазылып шығуға уәде берсең, мен саған тұрмысқа шығуға уәде беремін» дедім. Екеуміз де сол уәдемізде тұрдық. Шүкір,— деп жазды Райымбектің жұбайы.
Жас жұбайлардың бұл оқиғасының бастауы – «Ғашықпын саған» фильмінен алған әсер. Себебі олардың өмір жолы да осыған ұқсас. Болашақ жары Райымбектің Сеулде ем алып жатқанын, өзін жалғыз сезінгенін білген соң, бірден оған баруға шешім қабылдаған.
Райымбектің айтуынша, сырқат студент кезінде басталған. Ол сол уақытта музыкалық байқауға дайындалып жүрген. Алайда уайым мен күйзеліс денсаулығына кері әсер етіп, дәрігерлер ауыр диагноз қойған.
Дерт асқынып, шап тұсынан кеуде қуысына дейін таралған. Кейін ол дәрігерлердің бақылауымен Оңтүстік Кореяда ем қабылдаған.
Бұл оқиға туралы оның жұбайы Threads платформасында жазып, көпшіліктің жүрегін елжіретті.
Қиын кезеңде бір-біріне медеу болған ғашықтар биыл қыста отау құрған. Ғашықтық пен болашаққа деген сенім – ауруды жеңуге көмектесіп, бақытты отбасының іргетасын қалады.