Президент: «Кәсіпкерлерді қолдау үшін ыңғайлы цифрлық экожүйе қалыптастыру қажет»
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан жағдайында цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу ішкі жалпы өнімге 14 миллиард доллардан 20 миллиард долларға дейін кіріс әкелуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды otpannews.kz сайты Ақордаға сілтеме жасап.
«Мемлекет пен бизнестің қарым-қатынасын өзгерту керек. Бұл істе жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын тиімді қолданған жөн. Жасанды интеллект технологияларының қарқынды дамуы әлемдік экономиканың түбегейлі өзгеруіне әкеп соғады. Сарапшылардың бағалауынша, жасанды интеллект 2030 жылға қарай әлемдік ішкі жалпы өнімге 17 триллион доллардан 26 триллион долларға дейін пайда әкеліп, 78 миллион жұмыс орнын аша алады. Ал Қазақстан жағдайында цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу ішкі жалпы өнімге 14 миллиард доллардан 20 миллиард долларға дейін кіріс әкелуі мүмкін. Осындай болжам бар. Бірақ шын мәнінде қалай боларын өмір көрсетеді”,- деді Президент.
Сондай-ақ ол біз тың мүмкіндіктерді барынша пайдалануымыз керектігін айтты.
«Қазір ЕgovBusiness платформасы жұмыс істеп тұр. Соның арқасында мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтер қолжетімді бола түсті. Кәсіпкерлердің жұмысы жеңілдеп, қағазбастылық азайды. Биылдың өзінде осы қосымша арқылы 4,6 миллионнан астам қызмет көрсетілді. Енді платформаны Бизнестің цифрлық картасымен өзара байланыстыру жұмысын аяқтау қажет. Сонымен бірге осы платформаға жергілікті атқарушы органдар көрсететін қызмет түрлерін қосу керек”,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұл шаралар кәсіпкерлердің біртұтас платформа арқылы әртүрлі қызмет алуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ платформада жасанды интеллект көмегімен бизнес жүргізуге қатысты толыққанды кеңес алуға болады. Мұндай қадам әкімшілік кедергілерді азайтып, мемлекеттік қолдау шараларының ашық әрі тиімді болуына ықпал етеді.
46
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев