Кәмелетке толмаған жасөспірімнің полиция қызметкерін қорлағаны үшін сот үкімі шықты
Маңғыстау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында билік өкілін қорлаған жасөспірімге қатысты үкім шығарылды, деп хабарлайды otpannews.kz сайты Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кәмелетке толмаған сотталушы А. өзін мемлекеттік белгісі жоқ мотоциклді басқарғаны үшін ұстаған полиция қызметкерлерін ар-намысы мен қадір-қасиетіне тиетін сөздермен балағаттап, видеоға түсіріп, бейнежазбаны «TikTok» әлеуметтік желісіне жариялаған.
Мемлекеттік айыптаушы сотталушыға 30 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жаза тағайындауды сұрады.
“Жәбірленуші сотталушыға заңда көзделген жаза тағайындауды сұрады. Сотталушы А. кінәсін толық мойындап, жасаған іс-әрекетіне шын ниетпен өкініп, жеңіл жаза тағайындауды сұрады. Қорғаушы сотталушының ұстанымын қолдады. Сотталушының кінәсі оның мойындау жауаптарымен, жәбірленушілердің түсініктемелерімен, сот психологиялық-филологиялық және амбулаториялық сот психологиялық-психиатриялық сараптама қорытындыларымен дәлелденді”,- делінген облыстық сот хабарламасында.
Сот сотталушының кәмелетке толмағандығын, кінәсін мойындап, істеген іс-әрекетіне шын ниетпен өкінгендігін, бұрын сотталмағандығын, тұрғылықты жерінен жақсы жағынан мінездемеленетінін қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды. Сотталушының қылмыстық жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Сот үкімі бойынша айыпталушы А. ҚР ҚК 378/бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, 30 (отыз) сағат қоғамдық жұмысқа тарту түріндегі жаза тағайындалды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.