Otpan News Logo

Мемлекет басшысы: «Еліміздің ішкі жалпы өнімі алғаш рет 300 миллиард доллардан аспақ»

|
05.12.2025 16:29
Мемлекет басшысы: «Еліміздің ішкі жалпы өнімі алғаш рет 300 миллиард доллардан аспақ»

Бәсекеге қабілетті бизнес – кез келген мемлекеттің тірегі. Биыл Қазақстан экономикасының өсімі 6 пайыздан асады деп болжануда. Бұл – соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Еліміздің ішкі жалпы өнімі алғаш рет 300 миллиард доллардан аспақ, деп хабарлайды otpannews.kz сайты Ақордаға сілтеме жасап. 


“Өздеріңіз білесіздер, қазір біз инфрақұрылымды дамытуға, экономиканы әртараптандыруға баса мән беріп жатырмыз. Сондықтан Үкімет дайын өнім экспортын арттыру ісімен белсенді түрде айналысуы қажет. Қазіргі таңда бұл салада біраз жетістіктеріміз бар»,- деді Президент. 


Сондай-ақ кездесу барысында шикізаттық емес экспорт көлемі 2 есеге жуық ұлғайғаны туралы баяндалды. 


«Өңдеу өнеркәсібіндегі қосымша құн көлемі бес жылда 25 пайыздан астам өсті. Бұл – тау-кен саласынан едәуір жоғары көрсеткіш. Соңғы жылдары негізгі капиталға тартылған инвестиция 70 пайызға көбейді. Нақты сектордағы еңбек өнімділігі 40 пайызға артты. Шикізаттық емес экспорт көлемі 2 есеге жуық ұлғайды”,- деп қосты Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев. 


Президент мәлімдегендей, тауарын шетелге өткізетін кәсіпорындар саны 3 есе көбейді. Соның арқасында бүгінде өнімдеріміз 140 мемлекетке шығарылады. Қазақстан тауарлары әлемдік нарықтан өз орнын алып жатыр деп күмәнсіз айтуға болады. Осы орайда, шағын және орта бизнестің рөлі айрықша екені сөзсіз.


Жалпы, еліміздегі кәсіпкерліктің даму қарқыны – белсенді, бүгінде олардың экономикадағы үлесі 40 пайызға жетті. 


Бес жылда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 1,5 есе артты, ал шығарылатын өнім көлемі 2,5 есе көбейді. Елімізде жұмыс істейтін азаматтардың жартысына жуығы, яғни 4,5 миллион адам бизнес саласында еңбек етеді.

40
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!