Ақтауда жаңа теңіз жағалауы салынып жатыр
OTPANNEWS.KZ - Ақтауда 9, 7, 5, 4 шағын аудандардағы теңіз жағалауының құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Құрылыс «Ақтау қалалық құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесінің тапсырысы және Солтүстік Каспий консорциумының (NCOC) қаржыландыруы есебінен салынып жатыр.
Теңіз жағалауы 1,5 шақырымға созылып, 7-шағын аудандағы «I Love Aktau» белгісінен Жартасты соқпаққа дейінгі аумақты қамтиды. Мердігер – «Нұрсәт» ЖШС. Қазіргі уақытта құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Жоба 2029 жылдың қаңтар айында аяқталады деп жоспарланған.
- Жоба таныстырылымы биыл 26 сәуір күні басталды. Қазіргі уақытта жобаның монолит қабырғаларын құю жұмыстары 85 пайызға аяқталды. Теңіз жағалауы тұрғындарға 3 кезеңге бөлініп беріледі. Жоспар бойынша жыл соңына дейін бірінші кезең ашылады,- деді құрылыс басшысы Меңдібай Мұсаев.
Жоба аясында серуендеу аллеяларын, велосипед және жүгіру жолдарын, бақылау алаңдарын, пирстерді, су үстіндегі соқпақтарды және теңіз жағалауындағы демалыс аймақтарын салу көзделген. Жоба тұрғындардың еркін жүріп-тұруына және демалуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.