Оңтүстік Кореяның танымал актрисасы Сюзи Ақтауға келді
Әлеуметтік желіде Оңтүстік Кореяның танымал әртісі әрі әншісі Bae Suzyдің Ақтауға келгені туралы видеолар кең тарады. Кадрда әлемге «Сюзи» есімімен танылған жұлдызды Ақтау әуежайынан қарсы алып жатқан сәт бейнеленген, деп хабарлайды otpannews.kz тілшісі.
Желіде жарияланған видеода әуежай қызметкерлері актрисаға «Welcome to Aktau» жазуы бар лента ұстап, қазақтың дәстүрлі қонақжайлығын көрсеткен. Сондай-ақ жанкүйерлері гүл шоқтары мен “Қазақстан” шоколадын сыйлағаны байқалады.
Қазіргі уақытта актрисаның Маңғыстауға не мақсатпен келгені ресми түрде жарияланған жоқ. Алайда әлеуметтік желідегі ақпараттарға сүйенсек, өңірде кореялық жаңа сериал немесе кино жоба түсірілуі мүмкін деген болжам бар. Кей деректерде «Men of the Harem» атты жоба Қазақстанда түсірілуі ықтимал екені айтылуда.
Bae Suzy - Оңтүстік Кореядағы ең танымал актрисалардың бірі. Ол «Start-Up», «While You Were Sleeping», «Anna», «Dream High» секілді хит дорамалар арқылы әлемге танылды. Сонымен қатар бұрынғы miss A тобының мүшесі болған.
Шетелдік жұлдыздың Ақтауға келуі қазақстандық жанкүйерлер арасында қызу талқыланып жатыр. Көпшілік мұны Маңғыстаудың халықаралық киноиндустрия үшін қызығушылығы артып келе жатқанымен байланыстыруда.