Маңғыстаулық балуан Азия чемпионатында топ жарды
Вьетнамның Дананг қаласында күрес түрлерінен 23 жасқа дейінгі балуандар арасында Азия чемпионаты аяқталды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Қазақстандық балуандар байрақты бәсекеде 7 алтын, 10 күміс, 5 қола медаль жеңіп алды.
Олардың қатарында еркін күрестен 70 келіде белдескен Майис Алиев үздік атанып, сары құрлықтың үздігі атанды. Одан бөлек, Нұрданат Айтанов (61 кг), Нұрдәулет Сейілбеков (74 кг), Ризабек Айтмұхан (125 кг) алтын медаль иеленсе, Еламан Амангелді (54 кг), Ерхан Әбіл (79 кг), Абылайхан Үзембаев (86 кг) күмістен алқа тақты. Сондай-ақ, Шаттық Алайдар (65 кг) қола медальға ие болды.
Грек-рим күресінен Айбек Айтбеков (60 кг), Ислам Евлоев (97 кг) алтын медаль еншіледі. Ал Нұрмұхаммед Ибрахим (72 кг), Әлихан Дурсунов (77 кг), Ерасыл Жеңіс (87 кг), Джохар Узаров (130 кг) күміс жүлдеге ие болса, Диас Нұрақов (63 кг), Кирилл Минько (82 кг) қола медальды қоржынға салды.
Әйелдер күресінен Шұғыла Өмірбек (55 кг) алтыннан алқа тағынса, Алтын Шагаева (57 кг), Тыныс Дүбек (62 кг), Алина Ертөстік (76 кг) күміс жүлде еншіледі. Лаура Ғаниқызы (50 кг), Виктория Хусаинова (59 келіге дейін) қола медальды қанағат тұтты.