Otpan News Logo

Маңғыстауда жазғы лагерьлер мен сауықтыру шараларына 160 мыңнан астам бала тартылады

|
28.05.2026 11:29
Маңғыстауда жазғы лагерьлер мен сауықтыру шараларына 160 мыңнан астам бала тартылады

Маңғыстау облысында оқушылардың жазғы каникулын тиімді, мазмұнды және қауіпсіз ұйымдастыру мақсатында ауқымды дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биылғы жазғы маусымда аймақтағы 160 234 оқушыны жазғы сауықтырумен қамту жоспарланып отыр, бұл жалпы бала санының 87%-ын құрайды, деп хабарлайды otpannews.kz сайты. 


Өткен 2025 жылы бұл көрсеткіш 146 219 баланы (90,5%) құрады. Жазғы кезеңде балалардың демалысы екі негізгі бағыт бойынша ұйымдастырылады: біріншісі – 7–13 жас аралығындағы балаларға арналған жазғы сауықтыру жұмыстары болса, екіншісі – 7–18 жас аралығындағы жасөспірімдерді еңбекпен, танымдық шығармашылық, спорттық және туристік шаралармен қамту бағыты.


«Биыл мектеп жанынан тамақтандырумен қамтылатын 94 лагерьде 17 330 оқушы демалады. Ал өңірлерде мектеп жанындағы лагерьлер жұмыс істейді. Бұдан бөлек, мектеп жанындағы 145 кәсіптік лагерьде тамақтанусыз, бір сағаттық режимде тағы 131 874 оқушы жазғы сауықтырумен қамтылады. Қала сыртындағы балалар лагерьлері цехтар мен ғимараттар санитарлық жағынан құзырлы органдардан тиісті рұқсат қағаздарын толық алғаннан кейін ғана өз жұмысын бастайды»,- деді білім басқармасының баспасөз қызметі. 


Сондай-ақ балалардың жазғы демалысын өзге өңірлерде және танымдық саяхаттарда өткізуге мүмкіндігі бар. Мәселен, облыстық балалар ауылының 20 тәрбиеленушісіне басқа өңірлерде 2 айлық демалыс ұйымдастырылады. Аталған шара мемлекеттік сатып алу рәсімдері арқылы өткізіліп, 2026 жылдың 20 сәуірінде конкурс жарияланған, жеңімпаз анықталғаннан кейін балалардың баратын өңірі мен лагері нақты белгілі болады. 


Сондай-ақ ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының «Жаздық жолдама» әлеуметтік жобасы аясында ауылдық жерден шыққан 5-8 сыныптың 6 дарынды баласы Ақмола облысы, Щучинск қаласындағы «Балдәурен» лагеріне жіберіледі. Бұдан басқа, тағы 2682 оқушыны өзге өңірлердегі қала сыртындағы лагерьлерге демалдыру үшін мектептер тарапынан конкурстар жарияланған. 


«Өз еліңді таны» жобасы аясында 200 оқушы Астана, Қарағанды, Көкшетау, Алматы, Қостанай қалаларына экскурсияға аттанса, 300 оқушы облыс көлеміндегі тарихи-киелі орындарды аралайды.

64
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!