Otpan News Logo

Ақтауда инклюзивті білім беруді қолдауға арналған цифрлық платформа әзірленіп жатыр

Ақтауда инклюзивті білім беруді қолдауға арналған цифрлық платформа әзірленіп жатыр

Ақтау қаласындағы №7 мектеп-лицейдің педагогі Ардақ Абдуллаева инклюзивті білім беру саласы мамандарының жұмысын жеңілдетіп, балаларға көмек көрсету үдерісін жеделдетуге арналған «Қолдау спектрі» цифрлық өнімін әзірледі, деп хабарлайды otpannews.kz.


Жоба авторы ағылшын тілі мұғалімі әрі педагог-ассистент болып жұмыс істейді. Оның айтуынша, « Қолдау спектрі» – мектеп ішіндегі мамандардың өзара әрекеттесуіне арналған цифрлық экожүйе. Қазіргі таңда платформа жетілдіру кезеңінде болғанымен, тәжірибе барысында оң нәтиже көрсетіп үлгерген.


Жүйе модульдік қағида бойынша құрылған және үш негізгі кеңістіктен тұрады. Біріншісі – «ақылды авторизация және құпиялық жүйесі». Бұл модуль жеке деректердің қорғалуын және қолжетімділік құқықтарының бөлінуін қамтамасыз етеді. Әр қолданушы тек өзіне қатысты ақпаратқа ғана қол жеткізе алады. Мәселен, сынып жетекшісі тек өз сыныбындағы оқушылардың мәліметін көреді. Мамандар толтырған барлық сауалнама баланың бірегей идентификаторы арқылы ортақ базаға біріктіріледі.


Екінші модуль – «динамикалық-диагностикалық блок». Платформа интерфейсі маманның бағытына қарай автоматты түрде бейімделіп, тек профильдік чек-парақтарды көрсетеді.


Мысалы, сынып жетекшісі баланың ұжымдағы мінез-құлқы, коммуникациясы және сыртқы тітіркендіргіштерге реакциясына қатысты 12 сұраққа жауап береді. Психолог эмоционалдық жағдайды, мазасыздық деңгейін және когнитивтік ерекшеліктерді тереңірек талдайды. Логопед сөйлеу дағдыларын, эхолалия белгілерін және интонация ерекшеліктерін бағалайды. Ал дефектолог кеңістікті қабылдау, координация және зейінді ауыстыру қабілетін тексереді.


Жобаның ең инновациялық бөлігі – «консилиумның аналитикалық орталығы». Жүйе барлық маманның балаға қатысты мәліметті толық енгізген-енгізбегенін автоматты түрде тексереді. Егер ақпарат толық болмаса, қорытынды құжатты қалыптастыру бұғатталады.


Барлық кезең аяқталғаннан кейін жасанды интеллект алгоритмі іске қосылып, нәтижелерді талдайды, бейімделу қиындығының деңгейін бағалайды және кешенді қорытынды жасайды.


Ардақ Абдуллаеваның айтуынша, платформа қорытынды хаттамаларды дайындауға кететін уақытты айтарлықтай қысқартады.


«Жүйе басып шығаруға немесе көшіруге толық дайын ресми құжатты автоматты түрде жасайды. Бұл мамандардың уақытын үнемдейді. Себебі қорытындыны рәсімдеу әдетте бірнеше күнге созылса, «Қолдау спектрі» оны бірнеше секундта орындайды», – деді жоба авторы.


Сонымен қатар цифрлық өнім балалардағы алғашқы қиындық белгілерін бастауыш сыныптан анықтауға мүмкіндік береді. Бұл олардың білім беру ортасына сәтті бейімделу ықтималдығын арттырады.


Әзірлеу жұмыстары толық аяқталғаннан кейін платформа инклюзивті білім беру педагогтеріне елеулі қолдау көрсетіп, маман тапшылығы жағдайында олардың жүктемесін азайтады деп күтілуде.

49
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!