Маңғыстауда 63 жастағы науқасқа тіліксіз инновациялық операция жасалды
Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасында 63 жастағы науқастың аcқазан-ішек жолдарындағы қан кетуді тоқтату мақсатында эмболизация әдісі арқылы инновациялық операция жүргізілді, деп хабарлайды otpannews.kz сайты облыстық көпбейінді аурухананың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасына ауыр халдегі егде жастағы науқас жеткізілді. Науқас асқазан-ішек жолдарынан тоқтаусыз қан кету диагнозымен түскен. Жедел түрде эндоскопиялық зерттеу жүргізіліп, асқазаннан 9 жара ошағы анықталды. Оның төртеуінен белсенді қан кету байқалған. Науқастың жағдайы аса ауыр болғандықтан, оған бірнеше доза қан құю арқылы гемодинамикалық тұрақтандыру жүргізілді»,- делінген аурухана хабарламасында.
Хирургия бөлімінің меңгерушісі Медет Жиғанғалиевтың айтуынша, науқаста асқазандағы пептикалық жарадан бөлек жүрек-қантамыр жүйесінің аурулары, қант диабеті, артериялық гипертензия және созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі бар. Бұл аурулар ем тактикасын таңдауда жоғары тәуекелді талап етеді. Десе де дәрігерлер науқастың жағдайын мультидисциплинарлық деңгейде қарастырып, асқазанға қан жеткізетін тамырларға эмболизация жасау туралы шешім қабылдаған.
Бұрын-соңды ауруханада болмаған жоғары технологиялы аз инвазивті операцияны эндоваскулярлық хирург Қастер Байжанұлы жасады. Ашық хирургиялық тіліксіз әрі наркозсыз орындалған операция шамамен 1,5–2 сағатқа созылды.
«Тамырға эмболизация жасау әдісі Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасында алғаш рет қолданылып отыр. Мұндай операция ашық хирургиялық кесусіз, тілік жасалмай, рентген-бақылау арқылы қан тамыр ішінен жүргізіледі. Сонымен қатар, науқастың ауыр жағдайы ескеріліп, араласу жалпы наркозсыз, жергілікті жансыздандыру жағдайында орындалды. Эмболизация бізге қан кетуді тікелей тамыр ішінен, минималды инвазивті жолмен тоқтатуға мүмкіндік береді. Бұл қосымша аурулары бар науқастар үшін маңызды әдіс», - деді эндоваскулярлық хирург Қастер Байжанұлы.
Эмболизация нәтижесінде қан кету көзіне апаратын тамырлар бөгеліп, қан ағу толық тоқтатылды. Осылайша науқастың өміріне төнген тікелей қауіп жойылды.
«Операция ауырсынусыз, ешқандай тілік жасалмастан өтті. Естуімше, мұндай операциялар Астана, Алматыда ғана жасалады екен. Менің жағдайымда өңірлік аурухана дәрігерлері сәтті операция жасап, өмірімді аман алып қалды. Білікті дәрігерлерді жинап, халыққа сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек ұсынып жатқан аурухана басшылығына, дәрігерлерге алғыс айтамын», - дейді науқас.
Мұндай жоғары технологиялы аз инвазивті әдістердің енгізілуі өңірлік медицинаның мүмкіндігін кеңейтіп, ауыр жағдайдағы науқастардың өмірін сақтап қалу көрсеткішін айтарлықтай арттырады.