Ақтауда Ұлықпан Жолдасовтың ауқымды мерейтойлық кеші өтті
Ақтау қаласында қазақ эстрадасының көрнекті өкілі, белгілі композитор, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Ұлықпан Жолдасовтың 60 жас мерейтойына арналған «Махаббат гүлі солмайды» атты шығармашылық концерті жоғары деңгейде өтті. Концерт барысында көрермен қауым композитордың ел жүрегінен орын алған әндерін бірге шырқап, ерекше әсерге бөленді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Мерекелік іс-шара барысында Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов мерейтой иесіне жүрекжарды лебізін білдіріп, оның қазақ музыка өнерінің дамуына қосқан сүбелі үлесін ерекше атап өтті.
“Құрметті Ұлықпан Мырзабайұлы! Сіз қазақ музыка өнерінің дамуына зор үлес қосып келе жатқан бірегей тұлғасыз. Халық жүрегінен орын алған әндеріңіз ұлттық мәдениетіміздің асыл қазынасына айналды. Мерейлі 60 жасыңыз құтты болсын! Қазақтың өнері мен мәдениетіне қосарыңыз көп болсын”, – деді қала әкімі.
Шығармашылық кеште отандық және аймақтық эстраданың танымал өнер жұлдыздары өнер көрсетті. Атап айтқанда, Фарида Жолдасова, Әбдіжаппар Әлқожа, Мәдина Сәдуақасова, Мейрамбек Бесбаев, Айкерім Қалаубаева, Қанат Айтбаев пен Света Айтбаева, BYTANAT, Кемал Сейітжан, Zholdassov Production ұжымы және М. Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясы әншілері сахна төрінде Ұлықпан Жолдасовтың әндерін шырқап, көрерменге ерекше әсер сыйлады.