Өмірзақ ауылында мәдениет үйін салу жоспарланып отыр
OTPANNEWS.KZ. – Ақтау қаласына қарасты Өмірзақ ауылының әкімі Бисенғали Кенжалиев тұрғындар алдында есеп берді. Кездесуге Ақтау қаласының әкімі Мақсат Мұқаш қатысып, елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық даму барысы мен алдағы жоспарларына тоқталды. Бұл туралы Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазіргі таңда Өмірзақ ауылы мен оған қарасты «Ақ желкен», «Оймаша» және «Рауан» тұрғын алаптарында 8 мыңға жуық адам тұрады. Елді мекендерде 3 мектеп, 11 балабақша және 2 дәрігерлік амбулатория халыққа қызмет көрсетеді.
Ауыл әкімінің айтуынша, инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытында бірқатар жұмыс қолға алынған. Атап айтқанда, Өмірзақ ауылын орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосу жұмыстары жүргізіліп, қазіргі уақытта 2 шақырым құбыр тартылған. Сонымен қатар тұрғын үйлерді жөндеу, көшелерді жарықтандыру, жолдарды күтіп ұстау және абаттандыру шаралары атқарылуда.
Әлеуметтік және мәдени инфрақұрылымды дамыту да назардан тыс қалған жоқ. Өмірзақ ауылында 200 орындық мәдениет үйінің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, құрылысын қаржыландыру мәселесі қарастырылуда. Бұдан бөлек ауыл мен Рауан тұрғын алабында спорт кешендерін салу, балалар ойын және футбол алаңдарының санын арттыру жоспарланған.
Кәсіпкерлікті қолдау және тұрғындарды жұмыспен қамту бағытында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында биыл 4-6 жобаны жеңілдетілген несиемен қаржыландыру көзделіп отыр. Сондай-ақ ауыл маңындағы мал қораларын көшіру мәселесі кезең-кезеңімен шешілуде.
Кездесу барысында Ақтау қаласының әкімі Мақсат Мұқаш ауылдың даму әлеуетін арттыру, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру бағытындағы жұмыстарды жүйелі жүргізу қажет екенін атап өтті.
Жиын соңында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салды. Көтерілген сұрақтарды қарау және оларды заң аясында шешу жолдарын пысықтау бойынша қала әкімі жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.