Ақтауда студенттердің дамуы мен психологиялық жағдайын бағалайтын цифрлық платформа іске қосылды
OTPANNEWS.KZ. - Ақтауда Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінде 2026–2027 оқу жылының басынан бастап Student Profile 360° цифрлық платформасы қолданысқа енгізілді. Жүйе студенттердің тұлғалық әлеуетін, психологиялық әл-ауқатын және әлеуметтік ортаға бейімделу деңгейін кешенді бағалауға бағытталған.
Ш. Есенов университетінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінде университетте барлық курс студенттерінің кезең-кезеңімен диагностикасы жүргізілуде. Оның нәтижесінде әр білім алушының жеке даму бейіні қалыптастырылып, күшті жақтары, білім алу қажеттіліктері және қосымша психологиялық қолдауға мұқтаждығы анықталады.
Платформа екі негізгі модульден тұрады. Біріншісі – Student Development Profile (SDP). Ол 12 бағыт бойынша диагностика жүргізіп, студенттің жеке ерекшеліктерін, тұлғалық ресурстарын, қарым-қатынас дағдыларын, білім алу және кәсіби қызығушылықтарын бағалайды. Нәтижесінде әр студенттің одан әрі дамуына арналған ұсынымдар әзірленеді.
Екінші модуль – Student Psychological Well-being Assessment (SPWA). Бұл жүйе білім алушылардың психологиялық жағдайын бағалап, ықтимал тәуекел факторларын және қосымша қолдау қажеттілігін анықтауға мүмкіндік береді.
Диагностика нәтижелерін білікті мамандар талдайды. Алынған мәліметтер жеке психологиялық кеңес беру және профилактикалық жұмыстарды ұйымдастыру кезінде пайдаланылады. Бұл ретте студенттердің қатысуы ерікті түрде жүзеге асырылады, ал жеке деректердің құпиялылығы мен қорғалуы қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар платформа университеттегі студенттер қауымдастығының жалпы әлеуметтік-психологиялық бейінін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жинақталған деректер негізінде білім алушылардың қажеттіліктері сараланып, психологиялық қолдау, тәрбие және әлеуметтік жұмыстардың бағыттары жетілдіріледі.
Цифрлық диагностикамен қатар университетте студенттерді оқудың әр кезеңінде қолдауға арналған бірнеше бағдарлама жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «Университеттегі алғашқы жылым» бағдарламасы бірінші курс студенттерінің жаңа ортаға бейімделуіне бағытталған. Level Up жобасы дербестік пен тұлғалық әлеуетті дамытуға, PRO Level қарым-қатынас және кәсіби дағдыларды жетілдіруге, ал Next Step түлектерді еңбек нарығына дайындауға арналған.
Бұдан бөлек, университеттің психологиялық қолдау қызметі жеке кеңес беру жұмыстарын жүргізіп, күйзеліске төзімділік, эмоциялық өзін-өзі реттеу, оқуға деген ынта және эмоциялық қажудың алдын алу тақырыптарында тренингтер ұйымдастырады.
Student Profile 360° платформасы Yessenov University-дің «Жалпы педагогика» кафедрасының оқытушылары мен магистранттарының, психологиялық қолдау қызметі және Ақпараттық технологиялар басқармасы мамандарының бірлескен жұмысының нәтижесінде әзірленген. Жоба ғылыми-педагогикалық тәсілдерді, психологиялық әдістемелерді және цифрлық технологияларды біріктіреді.
Жаңа платформаны енгізу студенттердің қажеттіліктерін ерте кезеңде анықтауға, жеке даму ерекшеліктерін ескеруге және оларға қажетті қолдауды уақытылы ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Университеттің бұл тәжірибесі жоғары білім беру жүйесінде студенттерді жеке сүйемелдеу тәсілдерін дамытуға бағытталған.