Otpan News Logo

Маңғыстаулық оқушылар ағылшын тілін үйрететін цифрлық платформа әзірледі

|
18.11.2026 12:29
Маңғыстаулық оқушылар ағылшын тілін үйрететін цифрлық платформа әзірледі

OTPANNEWS.KZ. – Мұнайлы ауданының оқушылары жасанды интеллект көмегімен ағылшын тілінің айтылым дағдыларын жетілдіруге арналған «Speak n Play» цифрлық платформасын әзірледі. Жоба авторлары – IQ жекеменшік мектебінің бастауыш сынып оқушылары Әмина Егізхан мен Әмина Сәндібек «Зерде» республикалық зерттеу жобалары мен шығармашылық жұмыстар конкурсының облыстық кезеңінде жеңімпаз атанды. Бұл туралы облыстық білім басқармасы хабарлады.


Жас зерттеушілер жобаны ғылыми жетекшісі, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, магистр Шоқан Дәулетханұлының жетекшілігімен әзірлеген.


Идея оқушылардың ағылшын тілі сабақтарында сөздерді дұрыс дыбыстауда қиындықтарға тап болатынын байқаудан туындаған. Зерттеу барысында олар 40 минуттық сабақта әр оқушының ағылшын тілінде дауыстап сөйлеуіне орта есеппен 1–1,5 минут қана уақыт бөлінетінін анықтаған. Сонымен қатар үй жағдайында айтылым дағдыларын дамытуға арналған кері байланыстың жеткіліксіздігі де назарға алынған.


Осы мәселелерді шешу мақсатында оқушылар жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланатын цифрлық көмекші жасауды қолға алған. Жобаның негізгі зерттеу сұрағы – «Speak n Play» ЖИ-көмекшісімен күнделікті бес минут жаттығу екі апта ішінде 3–4-сынып оқушыларының ағылшын сөздерін дұрыс айту дағдыларын жақсарта ала ма?


Платформаның негізгі мүмкіндіктері:


* ағылшын сөздерінің дұрыс айтылу үлгісін ұсыну;

* жасанды интеллект арқылы оқушының айтылымын тыңдау және бағалау;

* дыбыстау сапасына қарай кері байланыс беру;

* ойын элементтері арқылы тіл үйренуге қызығушылықты арттыру;

* қазақ тіліндегі түсінікті нұсқаулықпен жұмыс істеу;

* телефон және компьютер арқылы өздігінен жаттығу.


«Speak n Play» платформасы оқушыларға ағылшын тіліндегі сөздерді қайталап, айтылымын өз бетінше жетілдіруге мүмкіндік береді. Жоба білім беру үдерісінде жасанды интеллектіні тиімді қолдануға және балалардың тіл үйренуге деген ынтасын арттыруға бағытталған.

4
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!