Құрылтайда Каспий теңізінде бақылау тетігін күшейту мәселесі көтерілді
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі
OTPANNEWS.KZ. – Құрылтай депутаты Арман Хайруллин Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың атына Каспий теңізін сақтауға бағытталған экологиялық шаралар бойынша сауал жолдады. Бұл туралы kaz.inform.kz сайты хабарлады.
– Соңғы 25 жылда теңіз акваториясы 16 мың шаршы километрге азайды. Тартылған Солтүстік Каспийде шаңды дауылдар жиілеп, тұзды тозаң «балшық жауыны» болып түседі. Осыған байланысты Арал тәжірибесі негізінде кепкен аумақтарға фитомелиоранттар егу қажет. Әлихан Бөкейхан атындағы институт Атырау өңірін шаңды дауылдардан қорғау жобаларын әзірлеу үшін 222,9 млн теңге бөлуді ұсынып отыр. Қаржыландырылуы әзірге қаралмаған. Каспий балығы – азық-түлік қоры, әрі мемлекетіміз үшін маңызды экспорт көзі. Теңіздің қазақстандық бөлігінің бекіре тұқымдас балықтар үшін биологиялық сыйымдылығы 1 миллион тоннадан 5,9 мың тоннаға дейін түсіп, әлеуеті азайған. Кәсіпшілік қара балық көлемі тек соңғы 6 жылда 29 пайызға азайса, Каспий итбалығы 20 ғасыр басындағы 1 миллионнан 270 мыңға дейін қысқарды. Бұған браконьерлікпен қатар, шельфтегі көмірсутектерді кең көлемде өндіру де әсер етіп жатыр, – деді Арман Хайруллин Құрылтайдың жалпы отырысында.
Оның айтуынша, теңізде ауа мен судың сапасын бақылайтын бірде-бір стационарлы станция жоқ. «Қазгидромет» мониторингті тек жағалаудағы 50 нүктеде жүргізеді. Мұнай өндіруші аралдардың айналасында экологиялық бақылау бекеттерін орнату – бүгінгі күннің талабы.
– Солтүстік Каспийде фитомелиорация арқылы шаңды дауылдардан қорғау жобаларын әзірлеп, әрі қарай жүзеге асыруды қаржыландыру керек. Каспий теңізінде кен орындары айналасында мемлекеттік стационарлы бақылау бекеттерін орнату бағдарламасын әзірлеу маңызды. Ірі компаниялардың экологиялық сақтандыру соммаларын халықаралық стандартқа сәйкестендіріп, экологиялық ақпарат ашықтығын қамтамасыз ету қажет, – деді депутат.
7
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев