Нұрдәулет Қилыбай Бейнеу ауданының тұрғындарымен кездесті
OTPANNEWS.KZ. - Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай жұмыс сапарымен Бейнеу ауданына барып, тұрғындармен кездесті. Жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысы, атқарылған жұмыстар мен алдағы кезеңге жоспарланған жобалар баяндалып, халықтың ұсыныс-пікірлері тыңдалды. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Алдымен аудан әкімі Рахымжан Шалбаев 2026 жылдың тоғыз айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және алдағы жылдарға арналған жоспарлар туралы есеп берді.
Қазіргі таңда Бейнеу ауданының халқы 71 мыңнан асады. Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімінің нақты көлем индексі 97,5 пайызды, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемінің индексі 136,8 пайызды құрады. Есепті кезеңде 16,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, құрылыс жұмыстарының нақты көлем индексі 101,9 пайыз болды.
Ауданда 25 мемлекеттік және бір жекеменшік мектеп, екі колледж жұмыс істейді. Биыл Бейнеу ауылында 225 орындық жекеменшік балабақша ашылды. Білім сапасын арттыру және оқу орындарының материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары да жалғасып жатыр. Өткен жылы мектептердің робототехника, химия, биология, физика және STEM пәндік кабинеттерімен қамтылу көрсеткіші 95,7 пайызға жетті.
Аудан басшысының айтуынша, ауданда 12 мемлекеттік және екі жекеменшік медициналық ұйым халыққа қызмет көрсетеді.
Қазіргі таңда аудандық аурухананы ауданаралық көпбейінді аурухана санатына ауыстыру мақсатында күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. 11 блоктың алтауында жоспарға сәйкес, А және А1 блоктарын қараша айының соңында, қалған блоктарды 2027 жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға беру көзделген.
Сонымен қатар Сарға, Төлеп және Тұрыш ауылдарындағы фельдшерлік-амбулаториялық пункттерге, Ақжігіт ауылындағы дәрігерлік-амбулаториялық ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Ауданда мәдениет және спорт инфрақұрылымын дамыту бағытында бірқатар жұмыс атқарылды. Боранқұл ауылдық мәдениет үйі мен Сыңғырлау ауылдық клубында жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бейнеу мәдениет үйінің материалдық-техникалық базасы жаңартылып жатыр. Жұмыстарды желтоқсан айында аяқтау жоспарланған.
Биыл Боранқұл ауылында 23 штаттық бірлігі бар спорт залы, ал Бейнеу ауылында 62 орындық оқу залы бар аудандық кітапхана пайдалануға берілді.
Аудан тұрғындарының 97,7 пайызы орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Қазіргі уақытта Сарға ауылында су тазарту ғимараты мен ауылішілік су құбырын салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобаның орындалу деңгейі 90 пайызға жетті.
Жолаушылар тасымалы саласында ауданда жаңартылған 61 автобус халыққа қызмет көрсетуде. Бейнеу ауылындағы жаңа теміржол вокзалының құрылысы да жалғасуда. Нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.
Бейнеу астық терминалы биыл тоғыз айда 3 420 тонна бидай ұнын және 6 240 тонна құрама жем өндірді. Өнімдер облыстың Бейнеу, Қарақия, Түпқараған, Мұнайлы және Маңғыстау аудандарына жеткізіліп, Ақтау мен Жаңаөзен қалаларына тапсырыс бойынша жөнелтіледі.
Жыл басынан бері ауданда төрт инвестициялық жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 68 жаңа жұмыс орны ашылды. Ал 2027-2030 жылдарға арналған инвестициялық жобалар пулына жалпы саны 12 жоба енгізілген. Оларды жүзеге асыру нәтижесінде 625 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.
Кездесу барысында тұрғындар жол сапасы, ауыз су, білім беру, медициналық қызмет көрсету, әлеуметтік қолдау және тұрғын үй мәселелеріне қатысты сауалдарын ортаға салды.
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай көтерілген мәселелердің әрқайсысына назар аударып, аудан әкімі мен тиісті басқарма басшыларына оларды зерделеп, заңнама аясында шешуді тапсырды.