Маңғыстаулық каратэші Азия чемпионы атанды

Қытайдың Шаогуань қаласында кадеттер, жасөспірімдер мен U21 жас санатында өтіп жатқан каратэден Азия чемпионатында маңғыстаулық спортшы Тұрар Қалпақбай алтын жүлдені жеңіп алды, деп хабарлайды otpannews.kz Қазақстан каратэ федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгін жасөспірімдер санатындағы бәсеке басталып, Қазақстан құрамасының қоржынына 3 жүлде түсті. Шаогуань қаласындағы Азия чемпионатында құрлықтағы 30 мемлекеттен 520 спортшы келіп бақ сынады.
Кумитеден ұлдар арасында 61 кг дейінгі салмақта ел намысын қорғаған Тұрар Қалпақбай финалда ирандық Мұхаммед Абдоллахигорабты айқын басымдықпен ұтып, Азия чемпионы атанды. Сондай-ақ осы жас санатында Перизат Алдаберген (-59 кг) мен Айдын Темірхан (-66 кг) қола жүлдеге қол жеткізді.
Айта кетейік, кеше чемпионаттың алғашқы күні кадеттер сынға түсіп, Қазақстан құрамасы 4 медальға ие болды:
Алтын — Балнұр Құрбанәлі (14–15 жас, -61 кг);
Күміс — Алмат Нұрсейіт (14–15 жас, -57 кг);
Қола — Айша Ұнталап (14–15 жас, -54 кг);
Қола — Мәдениет Матжан (14–15 жас, -52 кг).
