Батыр ауылында 1200 орындық «Келешек мектебі» қолданысқа берілді

Мұнайлы ауданы Батыр ауылында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 1200 орындық жаңа мектеп ашылды, деп хабарлайды otpannews.kz аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл нысан білім алушылардың жан-жақты дамуына қажетті барлық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Мұнда кең әрі жарық сыныптар, интерактивті тақталармен жабдықталған кабинеттер, заманауи спорт зал, кітапхана, асхана, оқу зертханалары және робототехника бөлмелері бар.
Мектептің ашылуына Маңғыстау облыстық мәслихат төрағасы Жаңбырбай Матаев, Мұнайлы ауданының әкімі Қанат Құлжанов, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, ақсақалдар, ата-аналар мен оқушылар қатысты.
Аудан әкімі жаңа оқу ордасының ашылуы білім саласындағы ірі жетістік екенін атап өтті.
- Бүгін баршамыз үшін қуанышты мереке, жаңа оқу жылының алғашқы күні. Біздің ауданымызда Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жаңа 3 мектеп бой көтерді. Бұл жас ұрпаққа заманауи талаптарға сай білім беруге, ауыл мен қала арасындағы білім сапасының алшақтығын жоюға жасалған үлкен қадам, – деді Қанат Құлжанов.
Мектептің ашылуы Батыр ауылдық округінің тұрғындары үшін үлкен қуаныш болды. Бұған дейін балалар алыс мектептерге қатынап оқитын болса, енді өз шағынауданында орналасқан мектепте білім алады.
Айта кетейік, жаңа оқу жылында Мұнайлы ауданында 3793 бала бірінші сыныпқа барды.
