Ақтауда балықшылар теңіз жағалауын қоқыстан тазалады

Ақтауда Конституция күніне орай «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбілік өтті. Іс-шараға облыстық экология департаменті, экологиялық полиция қызметкерлері және балық шаруашылығы қауымдастығы өкілдері бірлесіп атсалысты, деп хабарлайды otpannews.kz.
Сенбілікке 100-ге жуық балықшы қатысып, Каспий теңізінің жағалау аумағын тұрмыстық қалдықтардан тазартты.
– Маңғыстау – туристік аймақ, демалушылар көп келеді. Сондықтан теңіз жағалауында тазалық жұмыстарын жиі ұйымдастырамыз. Бұл тек мемлекеттік органдардың емес, әрбір тұрғынның ортақ міндеті. Қаламыздың тазалығы ең алдымен өзімізге пайдалы, – деді облыстық экология департаментінің басшысы Армат Жалғасбайұлы.
«Қазақ балық» республикалық балық шаруашылығы және аква мәдениет қауымдастығының Маңғыстау облысы бойынша басшысы Данияр Акимжановтың айтуынша, бүгінде өңірде 600-ден астам балықшы, 13 табиғат пайдаланушы, сондай-ақ балық өсірушілер мен өңдеушілер ресми тіркелген. Олардың барлығы экологиялық акцияларға белсенді қатысып келеді.
– Каспий теңізі – бәрімізге ортақ. Оның тазалығы бізді алаңдатады. Сондықтан барлық балықшыға өз учаскелерінде сенбілік ұйымдастыру тапсырылды. Бүгінгі шарадан кейін балықшылар мен мемлекеттік органдар бір дастархан басында бас қосып, өзара пікір алмасуды жоспарлап отырмыз, – деді ол.
Айта кетейік, акция аясында Маңғыстауда сенбіліктер тұрақты түрде өткізіліп келеді.
