Жаңа оқу жылында Батыр ауылында «Келешек мектебі» жұмысын бастады

Мұнайлы ауданының Батыр ауылында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтерген №19 орта мектеп алғашқы оқу жылын бастады, деп хабарлайды otpannews.kz.
1200 орынға шақталған заманға сай білім ошағы оқушыларға жайлы әрі қолайлы орта ұсынады. Биыл мектепке бірінші сыныпқа 155 оқушы келді.
- Осындай заманға сай мектепте оқығаныма қуанамын. ҰБТ-ға дайындалуға барлық жағдай жасалған. Бұл мектеп жай ғана білім ордасы емес, болашағымыздың кепілі. Елімізге өз үлес қосатын саналы азамат болуға бар күшімізді саламыз, - деді №19 орта мектептің 11-сынып оқушысы Нұрдәулет Жаңабай.
Жаңа мектепте 61 пән кабинеті бар. Олардың ішінде робототехника, STEM, дизайн және технология, визуалды өнер, музыка, үй мәдениеті бағытындағы сыныптар да қамтылған. Сонымен қатар ерекше білімді қажет ететін балалар үшін сенсорлық бөлме мен инклюзивті білімді қолдау кабинеті жасақталған.
Оқу орнының қауіпсіздігіне де баса мән берілді. Ғимаратта 126 бейнебақылау камерасы орнатылып, ауласына балаларға арналған ойын және спорт алаңдары салынған.
