Енді тұрғын үй кезегі «Отбасы банк» платформасында жүргізіледі

Биыл маусым айынан бастап еліміздегі тұрғын үй кезегі жаңа orken.otbasybank.kz платформасына ресми түрде көшірілді. Бұған дейін жергілікті әкімдіктер жүргізіп келген кезек базасы енді «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы саналатын «Отбасы банк» қарауына өтті. Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте «Отбасы банк» АҚ Маңғыстау облыстық филиалының директоры Медет Әбуғалиев мәлімдеді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Оның айтуынша, бүгінде банкке 647 779 азамат туралы мәлімет берілген. Жүйелі көшіру бірнеше кезеңнен тұрады: алдымен берілген деректер түгенделіп, қайталанған немесе дұрыс толтырылмаған мәліметтер анықталады. Түзетілгеннен кейін олар қайта енгізіліп, жаңартылған кезек тізімі 2025 жылдың 1 тамызында hcsbk.kz сайтында жарияланды.
– Енді кезекте тұрған әр азамат өзінің нөмірін ғана емес, алдында және артында кім тұрғанын көре алады. Мемлекеттік қолдау бөлу кезінде басты критерий – кезекке тұрған уақыты. Яғни 2018 жылдан бері кезекте тұрған азамат 2016 жылдан бастап кезекте тұрған адамның алдында баспана ала алмайды, – деді Медет Әбуғалиев.
Сонымен қатар тұрғын үй кезегі мен мемлекеттік қолдау шаралары orken.otbasybank.kz порталында ай сайын жаңартылып отырады. Порталда әр азаматтың кезекке тұрған уақыты, қандай көмек алғаны және қолдау түрлері ашық көрсетіледі.
– Мысалы, үш адамнан тұратын отбасы үшін айлық табыс 138 684 теңгеден аспаса – жалдау ақысын субсидиялау қолжетімді. 277 мың теңгеге дейін – әкімдіктен жалдамалы үй, 693 мың теңгеге дейін – 2 пайызбен жеңілдетілген несие, ал 832 мың теңгеге дейін табысы барлар үшін – 5% жеңілдетілген несие қарастырылған. Бұл жүйе тұрғын үй көмегін ашық, әділ және табыс деңгейіне сәйкес бөлуді көздейді, – деді Медет Әбуғалиев.
«Отбасы банк» мәліметінше, базаның жаңа жүйеге көшуі азаматтардың кезектегі орнын өзгертпейді. Сондай-ақ қайта өтініш берудің қажеті жоқ.
