Маңғыстауда жедел жәрдем қызметкерлері арасында спартакиада басталды
Маңғыстау облысында медицина қызметкерлері арасында ауқымды спорттық-біліктілік сайысы басталды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Ақтаудағы өңірлік жедел жәрдем станциясының базасында өңірлік спартакиаданың шымылдығы түріліп, оған облыстың түкпір-түкпірінен келген 10 команда қатысуда.
Оның ішінде жарысқа 5 аудан мен 2 қаладан, сондай-ақ бірнеше жедел жәрдем станцияларының өкілдері жиналды. Сайысқа қатысушылар өзара кәсіби шеберліктерін шыңдап қана қоймай, түрлі бағыттар бойынша біліктіліктерін сынап көруде. Бағдарлама аясында жедел медициналық көмек көрсету, шұғыл жағдайларда әрекет ету, командалық үйлесімділік секілді маңызды дағдылар қамтылған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай спартакиада медицина қызметкерлерінің тәжірибе алмасуына, өзара байланысын нығайтуға және кәсіби деңгейін арттыруға үлкен мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жарыс салауатты өмір салтын насихаттап, мамандардың физикалық дайындығына да ерекше көңіл бөлуге бағытталған.
«Сайыс тартысты өтіп жатыр. Қатысушылар әр кезеңде өздерінің шапшаңдығы мен дәлдігін, білімдері мен тәжірибесін барынша көрсетуге тырысуда. Әр команда жеңіске жету жолында бар күшін салуда», - деді қатысушылардың бірі.
Айта кетейік, спартакиаданың қорытындысы бүгін түстен кейін белгілі болады. Жеңімпаздар арнайы марапаттарға ие болып, өңірдегі үздік жедел жәрдем қызметкерлері анықталы деп күтіліп отыр.