«Маңғыстауда жасалған»: «Шыж-Мыж» ұлттық шұжық өндірісін дамытып келеді
Маңғыстауда жергілікті «Шыж-Мыж» бренді табиғи шұжық өндірісін дамытып, 40-қа жуық өнім түрін нарыққа ұсынып отыр. Аймақта өндірілген бұл өнімдер табиғилығымен, ұлттық ерекшелігімен және сапасымен ерекшеленіп, тұтынушылар арасында үлкен сұранысқа ие болып отыр, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
«Шыж-Мыж» - Қазақстандағы қолдың таза шұжықтарының патенттелген авторлық бренді. Өнімдердің барлығы 100 пайыз табиғи еттен дайындалады. Құрамында соя, химиялық қоспалар және жасанды ингредиенттер қолданылмайды. Бренд өнімдері Ұлттық экологиялық сараптама орталығының тексеруінен толық өтіп, сапа талаптарына сәйкестігін дәлелдеген.
Бұл отбасылық кәсіптің негізі 2018-2019 жылдары қаланған. Алғашында тек отбасы мүшелеріне арналған таза әрі сапалы тағам дайындаудан басталған өндіріс бүгінде Маңғыстау тұрғындарын табиғи шұжық өнімдерімен қамтамасыз ететін сенімді кәсіпорынға айналды.
«Шыж-Мыж» бренді - көпбалалы ана, Мұнайлы ауданы Бесшоқы ауылының тұрғыны Алия Утемалиева мен оның жолдасы Шоқан Укибаевтың еңбегінің нәтижесі. Күнделікті тұрмыстың қамымен қатар, балаларының денсаулығына алаңдаған ана уақыт өте келе өз тәжірибесін кәсіпке айналдырып, өңірге танымал бренд қалыптастырды.
- Балаларым дүкендегі шұжықтарды ұнататын еді. Бір күні оның құрамын оқып отырып, денсаулығына зиян тигізетінін байқадым. Содан кейін «неге өзім табиғи, химикатсыз өнім жасамасқа?» деген ой келді. Яғни құрамында соя изоляты, түрлі ұнтақтар мен қоспалар болмайтын, таза еттен жасалған өнім өндіруді қолға алуды шештім - деді Алия Утемалиева.
Брендтің басты ерекшелігі - ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған өнімдердің шығарылуы. Қазақстанда алғаш рет аутизм, ДЦП және ЗПРР диагноздары бар балаларға арнайы әзірленген шұжық және сосиска түрлері ұсынылуда. Бұл өнімдер глютенсіз және казеинсіз дайындалып, балалардың ас қорыту жүйесіне жеңіл болуы үшін табиғи ингредиенттер негізінде жасалады.
Сонымен қатар брендтің негізгі өнімдерінің қатарында Маңғыстау жылқы етінен дайындалған чили бұрышы қосылған «Мұнайлы» шұжығы, сиыр еті мен қойдың құйрық майынан жасалатын «Мәрмәр» шұжығы және дәстүрлі тәсілмен дайындалатын ысталған жая өнімдері бар.
Алияның айтуынша, алғашқы қадамдар оңай болмаған. Ол жолдасымен бірге түрлі технологияларды зерттеп, шетелдік тәжірибені зерделеп, оны ұлттық тағам дәстүрімен ұштастыруға тырысқан. Бүгінде кәсіпкер тек өндіріс жүргізіп қана қоймай, өз ісін үйренгісі келетін жандарға бағыт-бағдар беріп, шәкірт тәрбиелеуді де қолға алған.
Қазіргі таңда кәсіпорында шамамен 40-қа жуық өнім түрі әзірленеді. Оның ішінде бірнеше шұжық түрі, сосискалар, сарделькалар және қазының бірнеше түрі бар. Атап айтқанда, балғын, ысталған, сүрленген және деликатес қазы өндіріледі. Деликатес қазы бойынша кәсіпорын ТМД елдері арасында алғашқылардың бірі болып географиялық патентке ие болды. Сонымен қатар өнімдер «Мұнайлы», «Маңғыстау» қазысы атауымен де ресми түрде патенттелген.
Өндіріс көлемі де жыл сайын артып келеді. Егер 2024-2025 жылдары айына шамамен 1 тонна өнім өндірілсе, мемлекеттік грант есебінен жаңа құрал-жабдықтар сатып алынғаннан кейін өндіріс көлемі 1,5 тоннаға дейін ұлғайған. Қазіргі таңда өнімдер жергілікті тұрғындарға онлайн формат арқылы жеткізіледі, себебі өңір ішінде сұраныс өте жоғары деңгейде сақталуда.
Алдағы жылдары кәсіпорын Маңғыстау өңірінде ұлттық өнімдерден тұратын арнайы сауда желісін ашуды жоспарлап отыр.
«Шыж-Мыж» атауы да ұлттық тағам мәдениетін жаңғырту идеясынан туған. Бренд иелері бұрыннан келе жатқан «бұжы», «әсіп» секілді ұмыт бола бастаған ұлттық шұжық атауларын қайта жаңғыртып, қазақ асханасының бай мұрасын қазіргі заманға бейімдеуді көздейді.