Маңғыстауда сот әкесін баласының жеке мектептегі оқу ақысын төлеуге міндеттеді
Маңғыстау облысының кәмелетке толмағандар істері бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында Н. өзінің бұрынғы күйеуі С.-дан ортақ баласы С.-ның жеке мектептегі оқу ақысы мен алиментті өндіруді сұраған азаматтық іс қаралды, деп хабарлайды otpannews.kz соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сот барысында тараптардың ортақ баласы 2009 жылы туғаны анықталды. Олардың некесі 2013 жылы сот шешімімен бұзылған.
Талап арызында әйел ай сайын бұрынғы күйеуі 5000 теңге алимент төлейтінін, бірақ оның табысы тұрақсыз екенін көрсеткен. 2024 жылғы қыркүйектен 2025 жылғы маусымға дейін барлығы 48 500 теңге алимент төленген, бұл баланы лайықты қамтамасыз етуге жетпейді деп айтқан. Бала жеке мектепте оқиды, онда ай сайынғы оқу ақысы 85 000 теңге. 2024 жылы оқу ақысы 440 000 теңге, ал 2025 жылы – 525 000 теңге болған.
Сот талап арыздың бір бөлігін қанағаттандырып, мектептің оқу ақысын екі ата-ана арасында теңдей бөліп төлеуге шешім қабылдады. Жауапкерден (баланың әкесі) 482 500 теңге өндірілді (965 000 : 2 = 482 500 теңге). Ал ай сайынғы тұрақты алимент өндіру туралы талап қанағаттандырылмады, себебі бұрынғы сот шешімі бойынша баланың алименті төленген.
Соттың бірінші инстанциядағы шешіміне келіспеген жауапкер С. апелляциялық шағым жолдады. Маңғыстау облыстық сотының апелляциялық коллегиясы бірінші инстанция шешімінің заңды және негізді екенін растап, оны күшінде қалдырды. Ал жауапкердің шағымын қанағаттандырмады.
Шешім заңды күшіне енді.