Маңғыстауда Қазақстандағы алғашқы автоматтандырылған түйе сауу цехы ашылды
Қазақстанда алғаш рет түйелердің сүті автоматты жүйемен сауылатын цех іске қосылды. Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында орналасқан «Қарағантүбек» ЖШС базасындағы жаңа цехпен бүгін облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай танысты, деп хабарлайды otpannews.kz.
Жаңа өндіріс орнында түйелердің сүті Германиядан жеткізілген заманауи құралдар арқылы сауылады. Цех тәулігіне 400 тоннаға дейін түйе сүтін өңдеуге мүмкіндік береді. Қазір 100 түйе сауылып жатыр, ал болашақта мал санын 2000 басқа дейін көбейту жоспарланған.
Цехтың басты артықшылығы – өндіріс процесі экологиялық таза және заманауи технологиямен қамтылған. Сүтті өңдеуге арналған су 150 метр тереңдіктегі ұңғымадан алынып, сүзгі жүйесінен өтеді. Электр қуаты күн панельдері арқылы өндіріледі.
Жобаны іске асыру кезінде 15 адам жұмыспен қамтылды, ал цех толық жұмысқа кіріскенде 10 тұрақты жұмыс орны ашылады.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай бұл жобаның өңір экономикасына және ауыл тұрғындарына пайдасы зор екенін атап өтті.
«Бұл жоба – өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды бастама. Мұндай кәсіпорындар ауыл шаруашылығын заманауи технологиямен ұштастырып, экологиялық таза өнім өндіруге жол ашады. Ең бастысы – ауыл тұрғындары үшін жаңа мүмкіндік пен табыс көзі», – деді облыс әкімі.