Мәлік Отарбаев Есенов университетінің студенттерімен кездесті
ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Ақтау қаласында Есенов университетінде жергілікті жастармен кездесу өткізді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Іс-шараға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев, Есенов университетінің ректоры және облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Мұқаш Оралбай қатысты.
Кездесу барысында Мәлік Отарбаев студенттермен ашық пікір алмасып, Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» атты Жолдауының негізгі бағыттарын талқылады. Ол жастарға жасанды интеллекттің ел дамуы үшін маңыздылығын атап өтіп, үш жылдың ішінде Қазақстанды цифрлық мемлекетке айналдыру – стратегиялық мақсаттардың бірі екенін айтты.
«Мемлекет басшысы алдымызға үлкен міндет қойып отыр. Үш жылдың ішінде елімізді цифрлық мемлекетке айналдыру, жасанды интеллектіні әр салаға енгізу – басты мақсат. Бұл бағытта жастардың белсенділігі мен білім деңгейі ерекше рөл атқарады», – деді Мәлік Отарбаев.
Президент кеңесшісі жастардың сұрақтарына жауап беріп, олардың ой-пікірлерін тыңдады. Сонымен қатар ол Есенов университетін сапалы білім ордасы ретінде атап, мұнда талапты әрі білімге құштар жастардың оқып жатқанын ерекше айтты.
Кездесу соңында қатысушылар цифрлық даму мен инновация саласындағы өз идеяларымен бөлісіп, болашақтағы мүмкін жобалар туралы пікір алмасты.