Президент кеңесшісі Маңғыстауда ауыл әкімдерімен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылады
ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаевтың Маңғыстау облысында ауыл әкімдерімен өткен кездесуінде ауылдық жерлерді жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар арқылы дамыту қажет екенін айтылды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Кездесуге облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай және барлық аудан мен ауыл әкімі қатысты.
Басқосудың мақсаты – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» атты Жолдауында берілген тапсырмалардың өңірлерде орындалуын талқылау және ауылдағы өзекті мәселелерге тың шешім табу.
Ел Президентінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауы – шын мәнінде үлкен саяси оқиға. Өйткені онда көтерілген мәселелер бүгінгі күннің ең өзекті тақырыптарының бірі саналады. Жолдау – мемлекеттік маңызы бар құжат. Мұндай маңызды құжаттың саяси салмағы мен идеологиялық мәні де зор. Біз бүгінде халықпен кеңесіп, инфрақұрылымдық жүйені қалпына келтіріп, жол жөндеп, мектептер мен ғимараттар салып, түрлі бағытта еңбек етіп жатырмыз. Алайда осының бәрінің астарында терең мән мен асыл мұрат болуы қажет. Менің өңірге келудегі басты мақсатым да сол – Президент Жолдауында айтылған саяси және идеологиялық маңызы жоғары тұстарды тағы бір еске салу, – деді Мәлік Отарбаев.
Ал облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай ауыл өмірін цифрландырудың нақты пайдасын атап өтті.
Президент Жолдауында айтылғандай, жасанды интеллект ірі қалаларда ғана емес, ауылдық жерлерде де қолданыс табуға тиіс. Бұл ауыл шаруашылығын автоматтандыру, инфрақұрылымды жетілдіру, білім мен медицина саласында қызметтердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сондықтан бүгінгі кездесу – ауыл әкімдерінің тәжірибесі мен ұсыныстарын тыңдап, өңірлердегі өзекті мәселелерді шешудің жаңа тәсілдерін бірлесе қарастыруға бағытталған маңызды алаң, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Жиын барысында Түпқараған ауданы мен Бейнеу ауылының әкімдері өңірлерде Президент тапсырмаларын орындау бағытындағы жұмыстарды баяндады.
48
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев