«Дипломмен ауылға» бағдарламасы басталды
Қазақстанда жас мамандарға арналған «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 1 пайыздық жеңілдетілген ипотекалық несиеге өтінім қабылдау басталды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Бағдарламаға кімдер қатыса алады:
Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, агроөнеркәсіп, мәдениет және спорт салаларының мамандары, сондай-ақ ауылдық округ әкімдері аппараттарында жұмыс істейтін мемлекеттік қызметшілер (әкімдер мен орынбасарларынан басқа) қатыса алады.
Қатысу шарттары: Өтінімдер онлайн түрде Baspana Market платформасы арқылы қабылданады. Ол үшін жеке кабинетке кіріп, өтінімді толтыру және нәтижесін күту жеткілікті.
Бағдарлама шарттары:
* Біржолғы төлем – 100 АЕК (2025 жылы бұл 393 200 теңге);
* Тұрғын үй сатып алу немесе салуға арналған жылдық 1% мөлшерлемемен несие;
* Несие сомасы – өңір мен елдімекенге байланысты 2 500 АЕК-ке дейін (шамамен 9,83 млн теңге);
* Несие мерзімі – 15 жылға дейін.
Қатысу талаптары:
* Техникалық, кәсіптік, ортадан кейінгі, жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім туралы дипломның болуы;
* Несие алған маман өз өңіріндегі ауылдық елді мекенде орналасқан ұйымға мамандығы бойынша кемінде 3 жыл жұмыс істеуге міндетті;
* Бұрын алынған несиелер бойынша мерзімі өткен берешектің болмауы.
Айта кетейік, бағдарлама ауылдық жерлерге мамандарды тартуға және ауылдағы әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.