Ақтаулық офицер Ұлттық ұланның үздік әдіскері атанды
5–8 қараша аралығында ҚР Ұлттық ұланының «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдердің арасында «Үздік әдіскер» атты кәсіби шеберлік сайысы өтті. Байқауға Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Жаңаөзен және Орал қалаларынан келген 50-ге жуық офицер мен сержант қатысты. Қатысушылар атыс, дене және әскери-тактикалық дайындық, сондай-ақ мемлекеттік-құқықтық және әдістемелік пәндер бойынша білімдері мен біліктіліктерін сынға салды, деп хабарлайды otpannews.kz.
«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің мәліметінше, жарыс нәтижесі бойынша Ақтау қаласында орналасқан 6656 әскери бөлімінің батальон командирі, капитан Бақытжан Орақбаев үздік нәтиже көрсетіп, бірінші орынға ие болды.
Жарысқа үлкен дайындықпен қатыстым. Барлық кезеңдер өз деңгейінде өтті. Бірінші орынға қол жеткізу мен үшін үлкен мәртебе. Енді желтоқсан айында Астана қаласында өтетін республикалық біріншілікте «Батыс» өңірлік қолбасшылығының намысын қорғайтын боламын, — дейді капитан Бақытжан Орақбаев.
Айта кетейік, байқау үш кезеңнен тұрады. Алғашқы кезең әскери бөлімдердің өз базасында өткізілсе, Орал қаласында өткен екінші кезеңде өңірдің үздік әскери мамандары анықталды. Енді жеңімпаздар желтоқсан айында Астана қаласында өтетін қорытынды республикалық сайыста бақ сынайтын болады.